«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Музей педагогикасы» бөлімі және Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай қалалық «Мұқағали оқулары» өткізілді. Байқаудың мақсаты – оқушылар арасында ақын шығармашылығын насихаттау, жас буынның поэзияға деген қызығушылығын арттыру, көркем сөз оқу мәдениетін дамыту.
Аталған байқауға қаламыздағы 14 мектептің оқушылары қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар үш кезең бойынша өнер көрсетті. Байқаудың бірінші кезеңінде оқушылар өздері ұнататын ақын өлеңдерінің бірін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, қазылар алқасының таңдауы бойынша ұсынылған он өлеңнің ішінен екі өлеңді жатқа айтып, мәнерлеп жеткізу шеберліктерін көрсетті. Екінші кезеңде қатысушылар Мұқағали Мақатаевқа арнаған өз шығармаларын, яғни арнау өлеңдерін оқыды. Үшінші кезең «Quiz» форматында ұйымдастырылып, қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Үш кезеңнің нәтижесін қорытындылай келе, қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын анықтады. Нәтижесінде қаламыздағы М.Мәметова атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Мадина Өмірәлі Бас жүлдені иеленіп, облыстық «Мақатаев оқулары» байқауына жолдама алды. Байқау соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар дипломдар, алғыс хаттар және кәдесыйлармен марапатталды.
Әдеби байқаулар жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, дарынды оқушыларды анықтауға мүмкіндік береді.












