МАҢЫЗДЫ :

nothing found

МУЗЕЙ-ҚОРЫҚТА «АБАЙ ДАРА ҚАЗАҚТА» ӘДЕБИ-ТАНЫМДЫҚ КЕШІ ӨТТІ

⚜️ МУЗЕЙ-ҚОРЫҚТА «АБАЙ ДАРА ҚАЗАҚТА» ӘДЕБИ-ТАНЫМДЫҚ КЕШІ ӨТТІ

🔹 Бүгін, 10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында «АБАЙ ДАРА ҚАЗАҚТА» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Көрмеге ақынның таңдаулы шығармалары, қара сөздері мен Абай әлемін тереңірек танытатын әдебиеттер қойылды.
🔹 Тағылымды жиынға зиялы қауым өкілдері, мәдениет және білім саласының қызметкерлері, кітапханашылар, музей мамандары, дарынды оқушылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Кеш шымылдығын «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов ашып, Абайдың қазақ руханиятындағы орны мен ұлт болашағы үшін маңызына тоқталды. Сондай-ақ Түркістан қаласы әкімдігінің «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев сөз сөйлеп, тағылымды шараның маңыздылығын атап өтіп, музей-қорық ұжымына алғысын білдірді.
🔹 Әдеби кештің мазмұны сахналық қойылымдармен, ән мен жырмен сабақтасып, көрерменге Абай әлемін әр қырынан танытты. Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының әртісі Мұрат Құрманбеков сахнаға Абайдың бейнесінде шығып, ұлы ақынның өнегелі сөздерін көркем жеткізді. Сондай-ақ театр әртісі Аяз Ильясов пен «Экскурсия және қызмет көрсету» бөлімінің экскурсия жетекшілері Берікбай Абдрасилов, Айшанұр Алиева, Ардақ Бейсенова бірлесіп, сахналық қойылым ұсынып, кештің мазмұнын аша түсті.
🔹Абайдың бала күнінен қалыптасқан рухани әлемі мен әжесі Зеренің тәрбиесін арқау еткен «Зере әжесі мен Абай» атты сахналық көріністі «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және есепке алу» бөлімінің инспекторы Назерке Дулатова ұлымен бірге сахналады. Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер орталығының көркемсөз оқу үйірмесінің оқушылары Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдеби кештің көркін ашты. Кештің сәнін музей-қорық қызметкері Қызжібек Абыдынова музей педагогы Сәкен Қонысбековтің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындаған «Айттым сәлем, Қаламқас» әні аша түсті. Ал музей-қорықтың баспасөз хатшысы, ақын Азамат Әлібек Абай Құнанбайұлына арнаған «Дара Абай» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Кештің ерекше тұсы – музей-қорықтың ғылыми қызметкері Сұлтан Байсейіттің ЖИ көмегімен әзірлеген Абай Құнанбайұлына арналған бейнеролигі болды.
🔹 Тағылымды кеш барысында Абайдың ән мұрасы да кеңінен дәріптелді. «Ясауитану» ғылыми орталығының кітапханашысы Гүлбану Манашева «Көзімнің қарасы» әнін орындаса, музей-қорық қызметкері Гүлжазира Мергенбаева «Сегіз аяқ» әнін жанды дауыста шырқап, кештің музыкалық мазмұнын байыта түсті. Сондай-ақ «Ғылыми-зерттеу және үйлестіру» бөлімінің ғылыми қызметкері Айгүл Үркімбаева ақынның жетінші қара сөзіне талдау жасаса, «Экспозиция және көрме ұйымдастыру» бөлімінің қызметкері Тамара Пазылбек Абайдың бірінші қара сөзін мәнерлеп оқыды.
Кеш барысында «Ясауитану» ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері Гүлназ Файзулла Абайдың «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз» атты аударма өлеңіне талдау жасап, ақынның әлем әдебиетімен рухани сабақтастығына тоқталды.
🔹 Әдеби-танымдық кештің қорытынды нүктесін музей педагогы Сәкен Қонысбеков «Желсіз түнде жарық ай» әнімен қойды. Кеш соңында музей ұжымы мен қонақтар ұлы ақынның әуезді әнін бірге орындап, тағылымды шараны ерекше рухани әсермен түйіндеді.
Жиын соңында қонақтар Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен «Ясауитану» ғылыми орталығы кітапханашылары ұйымдастырған Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.

Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.

 

Алдыңғы ақпарат

Келесі ақпарат

⚜️ МУЗЕЙ-ҚОРЫҚТА «АБАЙ ДАРА ҚАЗАҚТА» ӘДЕБИ-ТАНЫМДЫҚ КЕШІ ӨТТІ