МАҢЫЗДЫ :

nothing found

МӘҢГІГЕ ҚАШАЛҒАН НИЕТ немесе Қабірхана есігінің сол жағындағы тақтадағы жазу

Түркістандағы қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі халықтарының тарихи, рухани жадының алтын қазығы. Бұл киелі кешеннің әр тасы, әрбір өрнегі мен жазуы – сан ғасырлық тарихтың ізі, өткеннің аманаты.

Осындай ерекше жәдігерлердің бірі – Қабірхана есігінің сол жағындағы керамикалық тақта. Жазу бейнеленген бұл тақта екі бөліктен тұрады:
Бірінші бөлігі: Биіктігі – 57 см, ені – 160 см. Бұл – негізгі жазу орналасқан ірі панель.
Екінші бөлігі: Биіктігі – 10 см, ені – 40 см. Негізгі тақтаның төменгі жағында, орта тұсына орналастырылған. Ерекше белгісі – 0,5 см алға шығыңқы болып жасалған. Дәл осы жерде нәзік нақышпен калима-йи таййиба және Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат жазылған.
Жазу настаʾлиқ үлгісінде бедерленген, яғни ислам каллиграфиясының классикалық түркі-парсы мәнерінде орындалған.

Жазудың мазмұны
Араб тіліндегі жазбада келесідей мәтін бар:

لا اله الا الله و محمد رسول الله صلى الله عليه وسلم، عمل اوستا محمد نياز ولد اوستا محمد نظر مرغيلاني محله معاز حبل هر کیم اشبو خط ني اوقسهلار من بر غریب ني دعای پستی بالالریمین بوقلغای

Бұл мәтін қазақ тіліне былай аударылады:
«Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед – Оның елшісі. Ол кісіге игілік пен сәлем болсын! Му’аз-и Жабал (махалласының тұрғыны), ұста Мұхаммед-Назардың ұлы Мұхаммед-Нияз ұстаның (Марғилани) қолынан шыққан. Бұл жазуды кім оқыса, мен бейбақты және балаларымды жасырын әрі ашық дұғалармен еске алғай!»

Мұндай жазбалар тек діни емес, сонымен бірге шебердің өзін таныстырып, ұрпақтарының амандығын тілейтін дұға ретінде де жазылған. Бұл – сол замандағы адамдардың сенімі мен рухани мәдениетінің тереңдігін көрсететін айқын белгі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі бұл жазулы тақта – өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір. Онда тек каллиграфия өнерінің көркемдігі ғана емес, сонымен бірге дәуірдің тынысы, адамдардың үміті, ұрпаққа аманат еткен дұғасы мен жүрек сөзі сақталған.

Әбубәкір Моллақанағат, “Әзірет Сұлтан” Ұлттық музей-қорығының ғылыми қызметкері.

Алдыңғы ақпарат

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТЕДІ

Келесі ақпарат

Симпозиум қонақтары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде