КЕЛДІ МҰХАММЕД СҰЛТАН СҮЙІНІШҚОЖА ХАН ҰЛЫ

XVI ғасырдың І-жартысы Келді Мұхаммед сұлтан әкесі Сүйініш қожа хан қайтыс болардан бір жыл бұрын, яғни, 1524 жылы Түркістан қаласын Жәнібек ханның немересі Тайыр ханды соғыста жеңіп қол астына қаратады. Кейіннен Келді Мұхаммед сұлтанның өзі де балалары жерленген Түркістан қаласына қойылады. Бұл жайлы тарихшы Заин ад-дин Махмуд Васифи (1485–1566 жж.) өзінің «Таңқаларлық оқиғалар» атты естелік кітабында жазып кеткен. Онда Келді Мұхаммед қайтыс болған соң Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына жерленгендігін (Рабия Сұлтан Бегім кесенесіне), ал Васифиге оның құлпытасына арнап «марсийа» жырлар жазуды тапсырғандығын және «бәдізші» (тасқа ойып жазу жазатындар) ұсталардың бір айдан бері аталған жырларды күтіп жатқандығы айтылған. Рабия Сұлтан Бегім кесенесі Шайбани хан қайтыс болған 1510 жылдан соң ғана билікке Көшкінші хан келгеннен кейін 1530 жылдарға дейінгі аралықта салынған болуы керек. Келді Мұхаммед өз ұлдары Мүбәрәк шах сұлтан (1519 жылы қайтыс болған), Құл Мұхаммед сұлтан (1524 жылы қайтыс болған), қызы Мәстура ханым (1519 жылы қайтыс болған), әкесі Сүйінішқожа хан (1525 жылы қайтыс болған), немере ағасы Көшкінші ханнан (1530 жылы қайтыс болған) соң ғана қайтыс болған сияқты, бұл қаза 1532-1533 жж. болған деп жазады Мұхаммед Жар Қатаған.

Алдыңғы ақпарат

ӘЛІАҚБАР ХАН ҚАРАБАС ХАН МҰХАММЕД ҰЛЫ

Келесі ақпарат

МҮБӘРӘК ШАХ СҰЛТАН КЕЛДІ МҰХАММЕД ҰЛЫ (…-1519ж.)