ӘЛІАҚБАР ХАН ҚАРАБАС ХАН МҰХАММЕД ҰЛЫ

(Әликен хан) Қарабас сұлтанның кіші ұлы Көшек ханның шөбересі Əликен (Əлиакбар, Шалекен) хан – Қоқан хандығына қарсы Қазақстанның оңтүстігінде барынша шиеленісті сипат алған 1853–1861 жылдардағы көтерілісте Түркістан төңірегіндегі ру-тайпалардың батырлары мен билерінің, рубасы ақсақалдарының ұйғарымымен сайланған қазақ хандарының бірі. Туған жылы белгісіз, қайтыс болған жылы 1859 жылдан кейін. Билік құрған уақыты 1858 жылдың мамыр айы – шамамен 1859–1860 жылдар аралығы (Ерофеева, 1997: 95). Әликен-Әліакбар хан Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдіктен тарайтын әулетке жатады. Әліакбар ханның әкесі ХVIII ғасырдың соңғы ширегінде қоңырат тайпаларын басқарған Қарабас Мұхаммед сұлтан. А.Г.Оловинцов пен Г.Ж.Табулдин шежіресі бойынша Ондан сұлтан – Көшек сұлтан – Тұрсын хан – Көшек (Қосмамбет) хан – Сынқай сұлтан – Қарабас сұлтаннан Тоғай хан мен Әліақбар (Әликен) хан Атақты ақын Майлықожаның мәліметі бойынша «Әліакбар інісі Тоғай ханмен атасы бір, анасы басқа болған» (Сұлтанқожаұлы, 2010: 203). Әліақбар қазақ халқы үшін қиындығы мол XIX ғасырда өмір сүрді. Әликен басқарған әскер қоқан әскерлерімен бірнеше мәрте соғысып, 1858 жылы Түркістан қаласын қоқандықтардан азат етуге әрекет жасайды. Жаңа сайланған хан өзінің туған ағасы Тоғайдың Түркістанда хан болғанын, қаланы 35 жыл бұрын қоқандықтар басып алып оның ағасынан тартып алғанын алға тартып, Түркістан қаласын қазақтарға қайтаруды талап етеді. Алайда қаланы тіке басып алуға Түркістан ішінде қазақтың белгілі азаматтарын аманатқа алу да кедергі етті. Қоқандықтар Қожа Ахмет Ясауи басына зиярат жасауға келген қоңыраттың билері Қоныс датқа мен Ақсақ датқаны, Ұлы жүзден келген Қарақұл датқаны, қыпшақтың Тубақабыл атты жақсыларын аманат ретінде ұстап отырды. Әликен басқарған көтерілісшілер 15 мамырда қала бекіністеріне шабуыл жасады. Алайда қоқандықтар әскери тұрғыдан басым болды. Зеңбіректерден от шашып, көтерілісшілерді атқылап отырды. Қазақ әскері бір айдай Түркістанды қоршап тұрды, бірақ оны басып ала алмады. 3 маусым күні Мырза Нияз басшылығымен Түркістандағы қоқан әскері қазақтарды жарып өтуге әрекет етеді. Алайда қоқандықтар үлкен шығынға ұшырайды. Кейбір мәліметтерге қарағанда қоқандықтар жағынан 500–800-ге дейін адам шығын болады. 1858 жыл 20 маусымдағы орыс хабарламасында «хан конградский с своим ополчением и стоит еще под стенами Туркестана», яғни «қоңырат ханы» Әликен әлі де Түркістанды қоршап тұр деген хабар кездеседі (Қазақ хандары, 2015: 224, 209). Әликеннің Қоқан хандығы мен Ресей отаршылығына қарсы Бұхар хандығымен одақ құру мақсатында келіссөздер жүргізуі оның қайраткерлігін танытады. Өкінішке орай, Әликеннің кейінгі өмірі тарихшыларға беймәлім болып отыр. Кейбір тарихшылар ол бір-екі жылда дүние салды деп санайды. Қалай дегенде оның есімі 1859 жылдан кейінгі тарихи құжаттарда кездеспейді. Әликен хронологиялық тұрғыдан алып қарағанда қазақ тайпаларының сайлаған ең соңғы ханы болып тұр. Мүрдесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген.

Алдыңғы ақпарат

БӨКЕЙ ХАН БАРАҚ ҰЛЫ

Келесі ақпарат

КЕЛДІ МҰХАММЕД СҰЛТАН СҮЙІНІШҚОЖА ХАН ҰЛЫ