БӨКЕЙ ХАН БАРАҚ ҰЛЫ

Бөкей Барақұлы шамамен 1737 жылы дүниеге келген қазақ сұлтаны, ханы. Барақ ханның баласы, Тұрсын ханның немересі. ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бірі Əлихан Бөкейхановтың төртінші атасы болып келеді. 1749 жылы Бөкей әкесінің тапсыруымен өзінің төлеңгіттерімен бірге Түркістан аймағынан Солтүстік – Шығыс Қазақстан өңіріне қоныс аударып, қаракесектің бигелді аталығына сұлтан болып сайланды (Исмурзин, 2006: 42). XVIII ғасырдың 50-жылдарының басында Коряков бекінісі (қазіргі Павлодар қаласы) маңын қоныстанып, Орта жүз қазақтарының жоңғар басқыншыларына қарсы шайқасына қатысты. Бөкей XVIII ғасырдың 80–90-жылдарында Ресейден Орта Азияға бағытталған сауда керуендерінің қазақ даласы арқылы өтуіне, сауда жолы торабын Петропавлдан Ямышев бекінісіне ауыстыруға атсалысты. Осы мақсатта Бөкей 1785 жылы атақты би Сарыбағыш Атаке батыр басшылығымен Ресейде болған бірінші қырғыз елшілігіне белсенді түрде қолдау көрсетті. 1786 жылдың 2 тамызы мен 1787 жылдың қаңтары аралығында Бөкейдің тапсыруымен құрамында баласы Батыр сұлтан, 2 старшын мен 2 төлеңгіті бар қазақ өкілдігі XVIII ғасырдың 90-жылдарының басында Ташкент билеушісі Жүнісқожамен тығыз қарым-қатынаста болып, одан 1740–1750 жылдары әкесі Барақ ханның иелігінде болған Иқан қонысын қайтарып алады. Осыдан кейін Түркістан өңірі Бұхар хандығының қол астына өткенге дейін Бөкейдің қысқы ордасы болды. Бөкей 1816 жылы Орта жүздегі қаракесек, төртуыл руларына Уәли ханмен бірге билік жүргізді. 1817 жылы маусымда Коряков бекінісінен 180 шақырым жердегі Жайылма өзенінің бойында хан болып жарияланды (Ерофеева, 1997: 133). 1819 жылға дейін билік құрып, Түркістанға жерленеді (Қазақ хандары, 2015: 176).

Алдыңғы ақпарат

ТОҒАЙ ХАН ҚАРАБАС МҰХАММЕД СҰЛТАН ҰЛЫ

Келесі ақпарат

ӘЛІАҚБАР ХАН ҚАРАБАС ХАН МҰХАММЕД ҰЛЫ