
Бүгін, 18 мамыр — Халықаралық музейлер күніне орай Қырғызстан Республикасының «Өзгөн» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы аумағында «Дәуірлер мен мәдениеттерді жалғаған көпір» атты халықаралық мәдени-танымдық іс-шара өтті. Түркі халықтарына ортақ тарихи мұра мен рухани құндылықтарды ұлықтауға бағытталған тағылымды шара халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға жол ашты.

Мерекелік кеш қонақтарды оркестр сүйемелдеуімен қарсы алудан басталып, «Ұлы Жібек жолындағы Өзгөн» атты театрландырылған қойылыммен жалғасты. Іс-шараның ресми бөлімінде Өзгөн ауданының әкімінің орынбасары Мақсатбек Тұрғынбаев, қаланың мэрі Нұрланбек Саипбаев, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев, Әндіжан тарихи-өлкетану музейі директоры Ықтияржан Расулов, Ферғана тарихи-өлкетану музейі директоры Элиярбек Рахимов және Сүлеймен-Тау музейі бас директоры Медербек Апарканов сөз сөйлеп, түркі халықтарына ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

Ауқымды шараның басты мақсаты — түркі халықтарына ортақ тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттау, музейлер арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және көне өркениеттер сабақтастығын заманауи форматта таныстыру болды. Аталған іс-шараға музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев, музей-қорықтың «Экспозиция және көрме» бөлімінің басшысы Данияр Садуақасов және көрме ұйымдастырушы Қуаныш Ысқақ қатысты.

Шара аясында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған «Көгілдір күмбез құпиясы» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрме келушілерге Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тарихын, оның сәулеттік ерекшеліктерін, эпиграфикалық мұраларын және ортағасырлық рухани-әкімшілік жүйедегі орнын кеңінен таныстыруға бағытталды.

Іс-шара аясында оқушылар мен жастарға арналған ғылыми-интерактивті алаң жұмыс істеді. Қатысушылар тарихи символдарды анықтау ойындарына қатысып, эксперименттік археология негізінде саздан бұйым жасау әдістерімен танысты. Аталған мәдени шара түркі халықтарының ортақ тарихи жады мен рухани байланысын нығайтып, музей ісінің халықаралық деңгейдегі маңызын айқындады.
А.Әлібек, баспасөз хатшысы.