Заманында даңқы тек түркі әлемі ғана емес барша мұсылман әлеміне мәшһүр болған Йасауи мұрасы өте бай. Сол асыл мұраны көздерінің қарашығындай сақтап, қорғап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші Ахмет Йасауи бабамыздың ізбасар мұрагерлері, «Хаққа жеткен дана», әйгілі шайх, әулиелер аз болған жоқ. Сол ерен ерлердің алған аманат пен берген серттеріне адалдығы мен оларды танып құрмет қылған таза көңіл, ақ ниетті жәрдемшілерінің арқасында әділет пен бауырмалдықты, ізгілік пен адам сүйгіштікті дәріптеп, күллі әлемге үлгі болған Алтын Орда, Османлы, Қазақ хандығы секілді мемлекеттер салтанат құрды. Бұл елдердің рухани да, мәдени де тұрғыда өрлеуінің, көркеюінің, гүлденуінің негізінде Ахмет Йасауи бабамыздың Пайғамбардан (с.а.у.) аманатқа алған ілімі жатыр.









