«БІЗ ҚАЗАҚ ДЕГЕН…»

«БІЗ ҚАЗАҚ ДЕГЕН…»
«Ешбір дұшпан басынбаған елміз, Басымыздан сөзді асырмаған елміз» дейді Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз өзінің «Біз қазақ деген мал баққан елміз» деп басталатын толғауында. Осындай ұлы сөзді айтқан Ұлы бидің туғанына биыл 355 жыл толып отыр. Осыған орай бүгін Түркістанның төрінде республикалық ғылыми-тәжрибелік конференция болып өтті. Тақырып: «Қаз дауысты Қазыбек бидің қазақ қоғамындағы орны мен рөлі». Ғылыми шараның ұйымдастырушысы: «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы».
Конференцияны филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек ашып, жүргізіп отырды.
Ғылым академиясының вице-президенті, профессор Ғалымқайыр Мұтанов пен мемлекет және қоғам қайраткерлері Оразкүл Асанғазы, Амалбек Тшановтар құттықтау сөз сөйлеп, Қазыбек би бабамыздың елге сіңірген еңбегі, қайраткерлік тұлғасы жайлы айта келіп, Ұлы би мұрасын бүгінгі күн қажетіне жарату туралы өз ойларын ортаға салды.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде Е.Букетов атындағы ҚарҰУ ректоры, з.ғ.д., профессор Нұрлан Дулатбеков бастаған бірнеше танымал ғалымдар толымды баяндамалар жасады. Ғылыми жиынның екінші бөлімі секциялық мәжілістерде жалғасын тапты.
Жалпы конференцияға 63 ғылыми мақала ұсынылды. Конференцияның материалдары алдағы уақытта жинақ болып шығарылады.
Қазыбек би бабамыз айтулы толғауында атап көрсеткендей айтулы елге айналу үшін, бүгінгідей алқалы басқосулардың, ғылыми шаралардың септігі зор деп білеміз…
Бүгін, яғни конференция өтіп жатқан 2022 жылдың 5 мамыры күні Е.Букетов атындағы ҚарҰУ ректоры, з.ғ.д., профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков асқаралы 60 жасқа толыпты. Осыған орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Жарылқасынұлы Садықбеков мерейлі жас иесіне шапан жауып, сый-сияпат жасады.
Алдыңғы ақпарат

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы сапармен TIKA басшылары келді

Келесі ақпарат

«Бабалар рухына 100 Құран хатым»