Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнін 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекітіп, 1984 жылдан бері атап өтіледі. Дәл осы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне 2003 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты Орта Азияда теңдесі жоқ кешенді сәулеттік ғимарат Қожа Ахмет Ясауи кесенесі енгізілген. Музей-қорық құрамында бүгінгі таңда 99 тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынған. Халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш, Республикалық маңызы бар 23, Жергілікті маңызы бар 6 ескерткіш, 69 ескерткіш алдын-ала есепке алу тізіміне енгізілген.«Мәдени мұра» бағдарламасының 2004-2006; 2007-2009; 2009-2012жж. кезеңдерінде Көне Түркістан қалашығының аумағында орналасқан Хан мешіті, Хан ордасы, Баб араб кесенесі, Мүсәллә, Тәкиә, Жеті ата, Дарбаза қақпалары және Сауран археологиялық-архитектуралық кешенінің бірқатар ескерткіштері қайта қалпына келтірілдіМузей-қорыққа қарасты Әлқожа ата, Үкәша ата кесенесі мен құдығы, Гауһар ана, Жүсіп ата кесенелері Республикалық маңызы бар ескерткіштерінің санатына енгізілді. Сонымен қатар, Көне Түркістан қаласының 88,7 гектар тарихи аумағында 2019-2020жж. кезең-кезеңімен археологиялық қазба жұмыстары және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді.Қазіргі таңда музейге қарасты Сауран қалашығы, Гауһар ана, Жүсіп ата кесенелері аумағынан туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында сапар-орталықтарының құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығы келер ұрпаққа рухани қазынамыз – тарихи ескерткіштерді түпнұсқа күйінде сақтауды, қорғау мен сақтаудың, насихаттаудың маңызы зор екендігін көрсетері анық.