МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«СЫРЛЫ ӘЛЕМГЕ САЯХАТ»

«СЫРЛЫ ӘЛЕМГЕ САЯХАТ»
Кеше «Сырлы әлемге саяхат» деген атпен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының Халықаралық музей түніне орай ұйымдастарған іс-шарасы болып өтті. Іс-шараны ашқан музей-қорық директоры М.Садықбеков мерекелік шараға жиналған көпшілікті халықаралық мерекемен құттықтап, «Музей түні» тарихы мен оның мақсат-мұраттары жөнінде қысқаша баяндап берді.
Мәдени шараның ашылуында Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімі «Ақжайық музыка мектебінің» ұлт аспаптары оркестрі өнер көрсетті.
Бұдан соң қасиетті Түркістан қаласының 2200 жылдық тарихынан сыр шертетін «Күлтөбе сырлары» деген тақырыпта ұйымдастырылған көрме ашылып, көрермен назарына ұсынылды.
«Тарихи жәдігерлер балалар көзімен»
Мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шара аясында «Тарихи жәдігерлер балалар көзімен» деп аталатын оқушылар байқауы болып өтті. Байқауға Түркістан қалалық қолөнер мектебінің (Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебі» МКҚК) кескіндеме, тоқыма, ағаш өңдеу, сурет, тері және былғары үйірмелерінен жалпы саны 12 бала қатысты. Байқауға қатысқан балалар мен ұстаздар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директоры М.Ж.Садықбековтың алғыс хатымен марапатталып, музей-қорық баспа өнімдері естелік сыйлық ретінде тапсырылды.
Сонымен қатар аталған қолөнер мектебінің ұстаздары мен басқа да қолөнер шеберлерінің мастер кластары өткізілді.
Мереке күні еліміздің мақтанышына айналған Қожа Ахмет Ясауи Кесенесінің сақталу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл мәселе жөнінде
«Кесене тарихы және реставрация жұмыстары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланды. Дөңгелек үстелге т.ғ.к.археологтар М.Қ.Тұяқбаев, А.Ержігітова, т.ғ.кандидаты, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, М.М.Тастанбеков, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы бөлім басшылары Н.Әшірбекова, А.Кәрім қатысып, тарихи кесененің қазіргі жағдайы мен сақталу мәселелері туралы келелі кеңес өткізді.
Түнгі жарықтары қосылып, келушілер Кесененің түнгі көріністерін тамашалады. Ішкі бөлмелерде жүргізілген экскурсияларға қатысып, танымдық мағлұматтар алды.
«Музей түніне» келушілер ұлттық киімдерде музей қызметкерлерімен, қолөнер шеберлерімен, т.б. өнер иелерімен суретке түсіп, сұхбаттасып көптеген сұрақтарына жауап алды.
«Музей түнін» тамашалаған көпшіліктің ортасында Түркістан қаласының құрметті ақсақалдары, депутаттар мен мекеме басшылары да болды. Атап айтқанда: ардагерлер Бақытжан Жармаханұлы, Шора Исмолдаев, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, М.Маметова ЖОМ директоры Ибадуллаева Рая Серикбаевна, Этнопедагогика колледжінің директоры Серім Айғаным Абанқызы болды.
«Музей түні» түн жарымына дейін жалғасты.
Алдыңғы ақпарат

САМАРҚАНД САПАРЫ

Келесі ақпарат

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА НЕШЕ ЖЫЛ?