ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА НЕШЕ ЖЫЛ?

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА НЕШЕ ЖЫЛ?

Түркістан қаласында жүргізіліп келген археологиялық қазба жұмыстарына ортағасырлық қала жұртының «жасын» анықтауға қатысты мақсат қойылған емес. Ортағасырлық қалада жүргізілген ең алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары ең басты архитектуралық нысан – Қожа Ахмед Ясауи кесене / ханакасына қатысты реставрациялық тапсырмаларды орындау мақсатында жүргізіліп келген болатын.
Ортағасырлық қаланы ең алғашқы кәсіби археолог ретінде Михаил Евгеньевич Массон 1928 жылы археологиялық тәсілдермен ханака ішінде жиналған «табиғи қабатты» кесене еденіне дейін аршу арқылы, іргетас құрылымын анықтаумен айналысқан. Осыдан кейін қала жұртында жүйелі түрдегі археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмеді. Арагідік жүргізіліп отырған археологиялық қазба жұмыстары Қожа Ахмет Ясауи ханакасының аумағында орналасқан белгілі бір архитектуралық нысандардың реставрациясына қатысты мәселерді шешу мақсатында ғана жүргізіліп отырған.
Дегенмен, өткен ғасырдың 70-ші жылдары Т.Н. Сенигова қалыптасқан реставрациялық тапсырмаларды орындаумен қатар, бүкіл ортағасырлық қалашықтың мәдени тарихын анықтауға қатысты мақсаттарды іске асыруға қатысты жұмыстар жүргізген болатын. Ол кісі басқарған археологиялық топ «Қоқан қақпасына» қатысты аумақта, Күлтөбенің археологиялық ескерткішінің ең көне қабатын анықтау мақсаттарында қазба жұмыстарын жүргізген. Алайда, Ясы-Күлтөбе ескерткішінде жүргізген қазба жұмыстарын бастаған кезде, археологиялық объектінің ең төменгі қабатына жетпей 1,5-1,8 метр тереңдіктен кейін жасанды стилобатқа тіреліп, зерттеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған.
1980-ші жылдары реставрациялық басқарманың тапсырмасымен қазба жұмыстары қайта жүргізіле бастады. 1982 жылы Е.Смағұлов бастаған археологиялық отряд «реставрациялық бағдарлдамадан» бөлек, Т.Н.Сенигова қазба жұмыстарын жүргізген аумақтан тысқары жерден 70 ш. м. аумақта стратиграфиялық қазба жүргізген болатын. Қазба жұмыстары 7 метр тереңдікке дейін түсіріліп, ең төмендегі «құрлыққа» дейін жеткен болатын. Қазба барысында 7 мәдени қабат анықталып, қазба нәтижесінде табылған материалдар қала «жасына» қатысты алғашқы ғылыми дәлелді материалдар болған еді.
Сол археологиялық қазба жұмыстарының табыстары Ясы-Түркістан қаласының тарихына қатысты бұған дейін белгілі болып келген мәліметтерді бірден 700 жылға дейін «көнертті». Бұған дейін Ясы қаласының Ясауи өмір кешкен ХІІ ғасырға дейінгі өміріне қатысты ауызекі аңыздардан басқа ешқандай ғылыми негізделген дәлел де, тіпті, Ясы қаласының қайда орналасқандығы туралы дәлелді баламалар да болмаған еді.
Қала тарихына қатысты қойылған датаның дұрыстығына күмәні болған, ұзақ жылдар бойы Түркістан қаласында археологиялдық қазба жұмыстарын жүргізген Е.Смағұловтың 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын тойлауға байланысты қала «жасын» толық анықтауға қатысты археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру туралы берген ұсынысы жауапсыз қалған еді.
Түркістан археологиялық отрядының Ясы-Күлтөбеде жыл сайын өткізіп отыратын археологиялық қазба жұмыстары толық аяқталған жоқ. Дегенмен, қаланың даму тарихына қатысты бүгінгі таңда белгілі болып отырған материалдардың негізінде көне қала цитаделінің б.д.д. алғашқы ғасырларға (б.д.д. ІІ-І ғғ.), яғни, кем дегенде 2200 жылдық тарихы бар археологиялық-архитектуралық нысан екендігі анықталып отыр. Ясы-Күлтөбе археологиялық нысанында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының толық аяқталмағанын ескеріп, әрі қарай жүргізілетен қазба жұмыстары қала «жасының» әлі де көнере түсетіндігіне сенім ұялатады.
«Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей қорығы тарапынан 18 мамыр Халықаралық музейлер күніне орай көне Түркістан қаласы – Ясы-Күлтөбе ескерткішінде жүргізіліп келген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер негізінде тарихи-танымдық көрме ұйымдастырылды.
Көрме Ясы-Күлтөбе ескерткішінің жүйелі түрде археологиялық нысан ретінде зерттелуіне 40 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Көрме «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына қарасты «Жұма мешіті» музейіне қойылып, онда музейдің қор сақтау бөлімінде сақтауға алынған археологиялық жәдігерлер көрермен назарына ұсынылып отыр.
Көрермендер назарына ұсынылып отырған тарихи жәдігерлер көрмесі 2022 жылдың 18 мамыры мен 18 маусымы аралығында 1 ай көлемінде көрермендер назарына ұсынылады.
Толқын ЖОЛДАСОВ, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қор сақтаушысы.

 

 

Алдыңғы ақпарат

«СЫРЛЫ ӘЛЕМГЕ САЯХАТ»

Келесі ақпарат

Ораңғай мыс ақшалар көмбесі (XVI ғ. басы- XVII ғғ.)