МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Сиырдың пірі – Зеңгі баба

Дүниеге іңгәлап келгенде ата-анасының Зеңгі бабаға азан шақырып қойған аты Айқожа екен. Талайға аңыз болған бұл кісінің түсі тумысынан қап-қара болған соң халық оны Зеңгі ата деп атап кетіпті.

Оның төрт атасын білмеген жан тәкбірге күмәндар болады. Яғни, ол адам тәкбір айтуды дұрыс білмейді деп есептеледі. Зеңгінің әкесі – Тасқожа, атасы Мәлекқожа, бабасы Мансұрқожа (Мансұр ата) арғы бабасы Арыстан бап.Зеңгі ата бақташы болып, елдің падасын жиып баққан көрінеді. Оның өз меншігінде де қара малы аз болмапты. Баба сиырдың тұқымын молайтып, топ-тобымен жайып,асылдандарып көбейткен екен. Сол кезде бір сыңаржақ қыңырлау кісі:

– Сиырды ылғи Зеңгі жая бере ме? Біз де бағайық елден біз де нәпақа тауып пайдаланайық. Неге өзгеге бермейсіңдер? – деп, ел ақсақалдарына шағым жасапты.Ақсақалдар алқасының кеңесінде Зеңгі баба әлгі қыңырға:

– Мақұл, сен бақ, – деп паданы өткізіпті. Ол адам сиырды жайғаннан кейін бір апта өтпей-ақ оқалақ пайда болыпты. Содан қара малға оқалақ тиіп, быт-шыт қашып, падаға қыңыр кісі ие болмай қалыпты. Ісінен түк өнбесін сезген ол:

– Қой, болмас, мұның киесі бар екен. Баға алмаймын, – деп Зеңгінің өзіне қайтарып берген көрінеді. Арыстан баптың төртінші ұрпағы Зеңгі ежелгі Шаш, қазіргі Ташкент қаласына таяу жерде орын теуіп, сол араны тұрақжай етіпті. Ол таңертеңгі уақытта шығып, паданы айдап, алдын қайырмай, еркінше жіберіп: «Ош,Ош!» – деп сонау қырғыздың жерінен бір-ақ қайырып әкеледі екен. Ош қаласының атауы содан пайда болса керек – деп аңыздайды ел. Тәшкенге жақын орналасқан «Қауыншы» деген жерде Зеңгі бабаның ғажайып соғылған ғимараты тұр. Әулиеге тәу етушілер осы жерде өмірлік қосағы Әнуар анаға да құран бағыштайды. XVIII ғасырда өмір сүрген Мүхаммед Садық Рушдидің деректерінде Әнуар ана – моғолдың Қара Бура ханының қызы. Бұл туралы Қожа Ахмет әулиенің шәкірті Сүлеймен Бакырғанидан (Хакім) қалған деректерде және Тұрғын Файзуллаев пен Ориф Усмановтардың Зеңгі баба жайлы мақалаларында кеңірек айтылады. Зеңгі баба – дәулет пен билік дарытушы кереметке ие ғажайып ұлы әулие, оның қасиетті рухына сыйынушылар түркі жұртының түкпір-түкпірінен үзілмейді.

Алдыңғы ақпарат

МАРАТ ТҰЯҚБАЕВ «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Келесі ақпарат

Әмір Темірдің Әзірет Сұлтанға құрметі