Әмір Темірдің Әзірет Сұлтанға құрметі

Жарты әлемді жаулаған «Азияның ақсақ барысы» атанған Әмір Темір жер қайысқан қалың қолымен жорыққа кетіп бара жатты. Темірдің сансыз түмені күн-түн жүріп, Түркістанға да келіп жетті. Әзірет Сұлтанның қабірінің жанынан өтіп бара жатқанда ханның зерлі телпегі өзінен өзі жерге ұшып түседі. Темір атынан қалай қарғып түскенін өзі де аңғармай қалды. Ақсаңдай басып барды да, телпегін иіліп алып, басына киді. Сосын өзіне-өзі таң қалды.

– Ойпырмай, өмірі өздігімнен аттан түспеуші едім. Аяғымды үзеңгіден шығарғанда оң жағымнан он нөкер, сол жағымнан он нөкер атымның шылбырын ұстап тұра қалатын. Бірі қолымнан сүйеп, бірі қолтығымнан демеп, табанымды жерге тигізбейтін. Бұл жолы неге өзім түстім? Телпегімді қалайша көп алдында арланбай, жерден өзім алып кидім. Тіпті құлдарым да аңғармай қалды. Мұнда не сыр бар? Кім біледі? – деді, ақылгөйлеріне қарап. Сонда бір ақылды уәзірі тамағын кенеп:

– Уа, әміршім, «әруақты жерден ат үркеді» деген. Мына шаһарда бұрын аты

әлемге әйгілі Қожа Ахмет Ясауи атты түркінің пірі өмір сүрген. Әзіреттің арқасында түркі баласының бағы жанды. Оның алдында отырып тоқсан тоғыз мың машайық,сексен сегіз мың сәруар тәлім алған. Ясауи құранды халқына өз хикметтерімен жеткізген. Дәргейіне келген жан иесі иләһи махаббаттың ұшқынын санасына сіңдірген. Оның хикметтері өліктей безерген шөл даланы иман нұрымен жасыл жазираға бөлеген. Шәкірттері Ұрым мен Қырымға, Мағырып пен Машрыққа ілім таратуда. Оның мәртебесін таңды ұрып айтсаң да таусылмайды. Дәрежесін сипаттауға қызыл тілдің қуаты жетпейді, – деді. Әмір:

– Әп, бәрекелді. Әулие лебін әудем жерден сездірген екен ғой. Олай болса, аттан түсейік. Иба-әдептен біз де аттамайық. Алдымен әулиенің рухына Құран бағышталық, сосынғысын көре жатармыз, – дейді. Ертесіне әулиенің басына кесене тұрғызу жөніндегі пәрменін жаршылар жарыса жариялап жатты.

Алдыңғы ақпарат

Сиырдың пірі – Зеңгі баба

Келесі ақпарат

Қарашаш ана