Түркістан қаласындағы облыстық «Фараб» кітапханасында «Сырдария өзені алабының орта және төменгі ағысындағы түркі мәдениеті» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Жиынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) бірлесіп ұйымдастыруда.
Конференцияны музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов жүргізіп, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (ИРСИКА) Ғылыми зерттеулер және жарияланымдар бөлімінің жетекшісі, PhD, профессор Женгиз Томар, профессор, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов, Ислам зерттеу орталығының бас хатшысы (ИСАМ), доктор Меһмет Камил Яшароглу, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректор өкілі, ғылым докторы, профессор Пейами Баттал құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмыстарына сәттілік тіледі. Жиын пленарлық отырыспен жалғасып, зерттеушілер ғылыми баяндамаларын ұсынды.
Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген ғалымдар қатысып жатқан конференцияның басты мақсаты – Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойындағы ислам мәдениетінің қалыптасуы мен дамуын тарихи, археологиялық, сәулет, жазба және рухани мұралар негізінде кешенді зерттеу, өңірдің ислам өркениетіндегі орнын ғылыми тұрғыдан зерделеу.
Сырдария алабы ғасырлар бойы Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени байланыстары тоғысқан маңызды аймақ болды. Отырар, Ясы, Сауран, Сығанақ секілді тарихи қалалар ислам мәдениетінің таралуына, білім мен ғылымның дамуына елеулі үлес қосты. Конференция аясында төрт ғылыми секция жұмыс істейді. Олар: «Сырдария өңірі қалаларының материалдық мұрасы», «Тарих және рухани сабақтастық», «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы: жазбаша мұра және деректану», «Түркі мәдениеті және заманауи зерттеу бағыттары».
Конференция барысында Сырдария алабындағы ислам мәдениетінің тарихи дамуына қатысты жаңа ғылыми деректер мен зерттеу нәтижелері таныстырылып, өзара меморандумға қол қойды. Халықаралық жиынға ғалымдар, зерттеушілер, сала мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерін қоса алғанда, 400-ге жуық қатысушы жиналды.

















