МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«ЯСАУИ КЕРУЕНІ» ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

🔹 Бүгін «Достық үйінде» Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасын кеңінен дәріптеуге арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті. Ауқымды рухани-ағартушылық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи тұлғасын еліміздің әрбір аймағында және шетелде де кеңінен дәріптеу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Түркістан облысының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

🔹 Жиында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу мен кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

🔹 Семинарды «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов жүргізді. Ол Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы ұлттық бірегейлікті нығайтуға, өскелең ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеуге қызмет ететінін атап өтті.

🔹 Семинар барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Қожа Ахмет Ясауи мұрасының тарихи және рухани маңызы» тақырыбында баяндама жасады. Ары қарай университеттің доценті, дінтанушы Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, «Диуани хикмет» еңбегіндегі адамгершілік, имандылық және рухани кемелдену идеяларының тәрбиелік маңызын түсіндірді.

🔹 Өз кезегінде «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, теология ғылымдарының докторы Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидың тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасап, Ясауи мұрасының ұлттық сананы қалыптастырудағы орнына назар аударды. Сондай-ақ философия докторы Мұхит Төлеген Ясауи ілімі мен қазақ халқының салт-дәстүрлері арасындағы тарихи және рухани сабақтастық мәселелерін кеңінен талдап берді.

🔹 Іс-шара барысында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, жастар арасында насихаттау және рухани құндылықтарды қоғамдық өмірге кеңінен енгізу бағыттары бойынша пікір алмасты. Сарапшылар Ясауи мұрасын дәріптеу рухани қауіпсіздікті нығайтудың, ұлттық тұтастықты сақтаудың және дәстүрлі құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудің маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

🔹 «Ясауи керуені» жобасы алдағы уақытта облыстың барлық қала және аудандарында жалғасады. Жоба аясында тұрғындарға арналған ғылыми-танымдық кездесулер, семинарлар және рухани-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады.

А.Әлібек, баспасөз хатшысы.

 

Алдыңғы ақпарат

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ТУРИЗМ ЭКОЖҮЙЕСІН ҚҰРУ МОДЕЛІ

Келесі ақпарат

Моңғол империясындағы исламдану