
Жамбыл облысы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз аренасында» Мәдениет және ақпарат министрлігі мен оған бағынысты ұйымдар арасында өткен дәстүрлі спартакиаданың V дивизион іріктеу жарысына «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері «Әзірет Сұлтан» командасы ретінде қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл дүбірлі додаға Қызылорда және Жамбыл облыстарынан, Шымкент қаласынан келген БАҚ өкілдері мен медиа саласының мамандары, сондай-ақ «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы мен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері қатысты. Спартакиада спорт пен салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, әріптестік байланысты нығайтып, ұйымдар арасындағы достық пен ынтымақтастықты арттыра түсті.

Сайыс барысында «Әзірет Сұлтан» командасы ерекше белсенділік пен жоғары дайындықтың нәтижесін көрсетіп, бірқатар спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, волейболдан сынға түскен команда қарсыластарынан басым түсіп, І орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды.

Сонымен қатар, Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Динара Сазанова тоғызқұмалақ пен шахмат сайыстарында үздік нәтиже көрсетіп, екі спорт түрінен де І орынға ие болды. Оның бұл жетістігі кәсіби біліктілікпен қатар, зеректік пен табандылықтың жарқын көрінісі болды. Сондай-ақ Ғылыми зерттеу және үйлестіру бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Ағаділ Тұрсынов тоғызқұмалақтан ІІІ орынды иеленсе, музей-қорық қызметкері Сұлтан Айболатов 90+ салмақ дәрежесінде қол күрестен ІІІ орынға лайық деп танылды.

Жалпы командалық есеп қорытындысы бойынша «Әзірет Сұлтан» командасы ІІ орынды иеленіп, ұжымның абыройын асқақтатты.

Жеңіс тұғырынан көрініп, музей-қорық мерейін үстем еткен әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймыз! Республикалық кезеңде де биік белестерді бағындырып, толағай табыстарға жете берулеріне тілектеспіз!
Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.