
Түркістан төрінде өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті халықаралық деңгейдегі маңызды саяси-мәдени шаралардың біріне айналды. Ауқымды басқосуды жоғары дәрежеде ұйымдастыруға және мазмұнды өткізуге елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Ясауи музейінде өткен салтанатты жиында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев Президенттің ыстық ықыласы мен шынайы ризашылығын жеткізіп, марапаттарды табыстады.

Мемлекет басшысының Алғыс хаты – ел игілігі жолындағы адал еңбекке берілген зор құрмет пен сенімнің айқын белгісі. Бұл мәртебелі марапатқа музей-қорықтың бірқатар қызметкері ие болды. Саммит аясында әріптестеріміз жоғары жауапкершілік танытып, қонақтарды қарсы алу, мәдени бағдарламаларды ұйымдастыру және іс-шаралардың талапқа сай өтуі жолында аянбай еңбек етті. Күн-түн демей атқарылған қажырлы еңбек пен кәсіби шеберліктің нәтижесінде Түркістанның мерейі үстем болып, рухани шаһардың беделі биіктей түсті.

Саммит аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары мен ресми делегация өкілдеріне «Сирек жәдігерлер залы» көрмесі кеңінен таныстырылып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи-рухани маңызы мен баға жетпес мұрасы жөнінде мазмұнды ақпарат ұсынылды.

Әріптестерімізді осындай жоғары марапатпен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз әрдайым еленіп, алар асуларыңыз биік болсын! Ұжымымыздың абыройын асқақтатып, толағай табыстарға жете берулеріңізге тілектеспіз!
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы