
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында ғылыми қызметкерлердің ғылыми-зерттеу әлеуетін кешенді түрде дамыту жолдарын талқылау, заманауи ғылыми қызметтің талаптарына сай кәсіби біліктілікті жетілдіру тетіктерін талдау мақсатында «Ғылыми қызметкерлердің ғылыми әлеуетін дамыту: тәжірибе және болашақ» тақырыбында семинар болып өтті. Семинарға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Халықаралық туризм және меймандостық университеті мен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Ясауитану» ғылыми орталығының ғалымдары қатысты.

Жиын барысында семинар қонақтары «12 сәуір – Ғылыми қызметкерлер» күніне арналған музей-қорықтың ғылыми қызметкерлері шығарған кітаптар көрмесін тамашалады. Ғылыми қызметкерлердің ғылыми әлеуетін дамыту – ең әуелі елдің зияткерлік капиталының сапасын арттырудың, ғылымның тұрақты дамуын қамтамасыз етудің және ғылыми нәтижелерді қоғам игілігіне тиімді пайдаланудың маңызды алғышарты.

Іс-шара барысында ғылыми қызметкерлер қазіргі зерттеу тәжірибелерімен бөлісіп, ғылыми жобаларды іске асырудағы өзекті мәселелер, пәнаралық зерттеулерді дамыту және ғылыми нәтижелерді практикалық қызметке енгізу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар ғалымдар семинарда ғылыми әлеуетті арттырудың болашақтағы басым бағыттарын айқындау арқылы бәсекеге қабілетті ғылыми ортаны күшейту жолдары туралы да пікір алмасты.
Ағаділ Тұрсынов, кіші ғылыми қызметкер.