МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Шаңырақ күні»

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесе отырып «Наурыз мейрамы және отбасы құндылықтары» тақырыбында көрме мен мәдени-көпшілік іс-шарасын өткізді. Аталған шара Наурызнама тізбегіндегі «Шаңырақ күні» аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, осы жиын барысында «Сирек жәдігерлер залы» көрмесінің ашылу салтанаты да қатар аталып өтті.

Көрме «Алқоңыр» фольклорлық ансамблінің орындауындағы күміс күйлердің күмбірімен ашылып, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шора Исмолдаев және музей-қорық директорының орынбасары Нұрлан Мұсағалиұлы салтанатты түрде лентасын қиды. Қонақтар ең алдымен құнды жәдігерлер топтамасы қойылған көрме залының бай экспозициясымен танысты.

Мерекеге орай ұйымдастырылған көпшілік жиынға қалалық әкімдік және жергілікті зиялы қауым өкілдері мен ардагер аналар, ақжаулықты әжелер, музей басшылары мен өзге де қонақтар қатысты. Мерекелік шараның шымылдығын Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы ашып, барша тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтай келе, отбасылық құндылықтардың маңыздылығы мен дәріптелу ісіне ерекше тоқталып өтті.

Халқымыздың дүниетанымында ежелден орныққан көне мерекенің бастапқы мәнін жаңғыртуды көздеген бұл шарада ел жадынан бірте-бірте ұмыт бола бастаған «Шаңырақ көтеру» рәсімі, «Наурыз бата», «Наурыз-базарлық» сынды дәстүрлер дәріптелді.

Сегіз қанатты қазақы үй тігіліп, жаңадан отау құрған жастарға тілек айтылды. Елге сыйлы ақсақалдардан Наурыз батасын алу, үлгілі отбасылар мен балаларға «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтар тарату секілді жобалар жүзеге асырылды.

Кезекті сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шора Исмолдаев ақсақал Наурыз мейрамының – бағзыдан халқымыздың тұрмыс салтында қалыптасқан дәстүрлі ұлттық мереке екендігін, Шаңырақ – киіз үйдің элементі ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының, бірлік пен берекенің киелі нышаны екендігін атап өтті.

Шара барысында музей-қорық директорының орынбасары Нұрлан Мұсағалиұлы бірлескен шарамыздың жоғары деңгейде өтуіне белсенді атсалысқан Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымына ерекше алғыс білдіріп, сый-сияпат жасады.

Алдыңғы ақпарат

ТАЙҚАЗАН ҚҰЙЫЛҒАН ЖЕРДЕГІ ТЕБРИЗИЛЕР ПЕШІ

Келесі ақпарат

ӨҢІРЖИЕК