
Қарнақтықтардың айтуы бойынша Тайқазанның құйылған орыны белгілі және оған өздері нық сенімді. Бір кездері ол жерге арнайы белгі де қойылған, кейін белгісіз себептермен алынып тасталған.
1.04.2019-30.05.2019 жылдар аралығында Тайқазанның құйылған орынын анықтау мақсатында барлау және қазба жүргізу жоспарланды. Экспедицияны “Әзірет Сұлтан” музей-қорығы мен Халықаралық қазақ-түрік университеті, Археология ғылыми-зерттеу институты жүргізді. Жетекшісі т.ғ.к., археолог М.Қ.Тұяқбаев. Орындаушылар М.Амантуров, Н.Тәжібаев.
Тайқазанның құйылған орынын анықтау мақсатында барлау және қазба жұмыстары оң нәтиже бермеді. Дегенмен Түркістан көшесі №12 үйдің іргесінен 70 см тереңдікте шойын балқытқан пеш анықталды. Жартылай сақталған пештің жоғарғы жағының диаметрі 90 см, тереңдігі 50 см, түбінің диаметрі 75 см. Шығыс жақ бүйірінде диаметрі 5 см ауа үрлейтін тесігі бар. Қабырғасы 5 см күйген саз. Оның сырты 15 см оттың әсерінен қызарған кесек.
Бұл пеш кесектен тұрғызылып, іші сазбен сыланған. Жоғарғы жағы сақталмаған. Пештің ішін тазалағанымызда күл, темір қаймақтары шықты. Пештің айналасынан әр-түрлі көлемдегі темір сынықтары табылды. Пештің алдынан 90 см тереңдікте, диаметрі 60 см қазан құйылған қалыптың бір бөлігі сақталған. Қарнақ ауылында мұндай шойын қазандар 1930 жылдарға дейін құйылғандығы тарихтан белгілі.
Ал ауыл ақсақалдары дәл тайқазан құйылған жер деп қазба жүргізілген №12 үйдің жанындағы №11 үйді көрсетеді. Бұл үйдің егелері қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат бермей отыр. Ауыл ақсақалдары Еркін ақсақал мен Илхам деген азаматтың сызып көрсетіп берген жерлері дәл осы жер.
Дегенмен археологиялық зерттеуіміз нәтижесіз деп айтуға болмайды. Бұл пеште де тебриздік ұсталардың ұрпақтары шойын балқытып, қазан жасаған. Яғни, тайқазанның жұрнағы деп айтсақ та қателеспейміз…
М.Амантұров, тарихи ескерткіштерді сақтау инспекторы.