Бүгін БҚО тарихи-өлкетану музейінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан» көшпелі көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Аталған шараға БҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қамбетов Медхат Мұсаұлы, «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығының директоры Сакенов Жасұлан Нұрлыбекұлы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен М. Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессорлары, тарихшылар, студенттер, Ж.Молдағалиев атындағы БҚО әмбебап кітапханасы мен Х.Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының, БҚО жастар ресурстық орталығы қызметкерлері, «Жайық жастары» волонтерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Көрмеде алғаш болып сөз алған БҚО Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Медхат Мұсаұлы бұл көрменің еліміздің рухани және мәдени мұрасын насихаттауда, халқымыздың бай тарихын өскелең ұрпаққа жеткізуде маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының көрме ұйымдастырушысы Ысқақ Қуаныш Айтбайұлы сөз сөйлеп, ұлт қамын жейтін, қарапайым да білімпаз ұрпақ қалыптастырудағы Ясауи мұрасының маңыздылығы мен қасиеті ерек, киесі бөлек Түркістан шаһарының халықымыздың бай тарихында алатын орнына тоқталды.
Көрме экскурсиясын Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының экскурсоводы Сәдуәқасов Данияр жүргізді.
Шара барысында №37 ЖОББМ-нің 6-сынып оқушылары Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тағылымға толы хикметтерін жатқа айтып, көрменің сәнін арттырды.
Әрине, бұл көрме күнгейдегі Түркістанға келмей-ақ, көне шаһардың бай мұрасымен, жауһар жәдігерлерімен танысамын деген Оралдықтар үшін зор мүмкіндік.
Аталмыш көрме 4 желтоқсанға дейін жалғасады.