МАҢЫЗДЫ :

nothing found

15 қараша — Ұлттық валюта мен халықаралық есепшілер күні

Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығында 15 қараша — Ұлттық валюта күні мен халықаралық есепшілер (6 қазан) мерекесіне орай арнайы мәдени іс-шара өтті.
Музей-қорық құрамындағы ХІХ ғасырдың тарихи сәулет ескерткіші «Түркістан тарихы» музейінде, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алғашқы музей болып ашылған күнінен бастап, бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп жүрген қарапайым еңбек адамдары — есепшілер мен билет кассирлері туралы деректер, фотосуреттер жинақталып, «Музей есепшісі – аналитикалық ойлаушы» деген тақырыпта музейішілік көрме ұйымдастырылды. Көрмеге 150-ден астам есеп бөліміне қатысты мұрағаттық құжаттар мен заттай жәдігерлер жинақталып шығарылды. Сондай-ақ музей қорық қорындағы есеп бөліміне қатысты 20-ға жуық жәдігерлер де іріктеліп алынып, көрме экспозициясына шығарылды.
Көрменің ашылуына музей-қорықтың есеп бөлімінде қызмет еткен барлығы 24 ардаргер мамандар арнайы қонақ ретінде шақырылып, олардың естеліктері, ой-пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Сонымен қатар ардагерлер музей-қорықтағы жұмыс барысы көріністерінен көне фотолар мен мұрағаттық құжаттарын музей қорына тапсырды.
Көрме тамашалау барысында есепші ардагерлер арасында жылдам әрі дәл есептеу әдістері бойынша сайыс өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Сонымен қатар, көрме барысында музей-қорықтың қызметкерлері көрмеге келуші мектеп оқушылары арасында Ұлттық валюта күні мерекесіне орай бірнеше тақырыптық ойындар ұйымдастырды. Олар: МДҰ — мектепке дейінгі ұйымның, яғни, балабақшалардың мектепке дайындық жоғары топтары балаларына арналған, бастауыш және орта сынып оқушыларына арналған «Қазынаны іздеп тап», «Пазл», «Пятнашки» — тиын теңгелерді ретімен орналастыру, Теңге — квест (сұрақтарға – жауап) сияқты ойындары, «Мемори» ойының бірнеше түрі, балалардың есте сақтау қабілеттерін дамытуға, жылдамдыққа, саусақ моторикаларын дамытуға арналған ойындар өткізілді.
Бүгінгі қарапайым түрде ұйымдастырылған бұл ойындар болашақты аудиокиоскілерге арнайы бағдарламалар жасату арқылы түсіріліп, музей мен бала арасындағы алшақтықты жақындатуға септігін тигізетін болады.
Мерекелік көрме барысында сондай-ақ қаладағы колледж студенттері арасында көне замандағы теңге соғу әдісі бойынша шеберлік сағаты да өткізілді. Онда арнайы дайындалған штемпельдердің көмегімен мыс метал бетіне теңге бейнесі соғылып, таза, дұрыс түскен тиын-теңге жеңімпаздарға ескерткіш ретінде таратылды.

Рахия Жүзбаева, ғылыми қызметкер.

Алдыңғы ақпарат

КӨШПЕЛІ КӨРМЕ ЖӘНЕ ТАҒЫЛЫМДЫ ДӘРІС

Келесі ақпарат

Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан» көшпелі көрмесі Оралда