МАҢЫЗДЫ :

nothing found

МУЗЕЙ ҚОРЫ ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

2024 жылдың 25 сәуір күні музей-қорықтың қызметкерлерінің қатысуымен Түркістан облысы, Сауран ауданы, Қаражон, Майдантал ауылдарында ғылыми экспедициясы ұйымдастырылды.
Экспедиция халықтың қолында сақталған сан ғасырлық тарихы бар этнографиялық, археологиялық, жазба жәдігерлерді жинақтап, музей қорына қабылдауды мақсаты тұтады.
Экспедиция мүшелері: жетекшісі ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы Б.Байболов, мүшелері ғылыми қызметкерлер Д.Арынова, А.Үркінбаева, кіші ғылыми қызметкер С.Байсейіт.
Экспедиция мүшелері алдымен Сауран ауданына қарасты Қаражон ауылына ат басын бұрды. Ауыл тұрғыны С.Құрманов пен С. Молдашеваның отбасында тақыр кілемі мен жүкаяқ сақталған екен. Жүкаяқ аналары Қатира Қоқанбайқызының артынан келген жасауы екен. Ал тақыр кілемі 1960 жылдары тоқылған. С.Құрманов пен С. Молдашева үйінде сақталған аналарынан қалған асыл мұраны музейге сый ретінде тапсырды. Алдағы уақытта да ауыл тұрғындары арасында осындай құнды дүниелер кездесіп жатса, музейге сый ретінде беруге дайын екендерін жеткізді.
Экспедиция мүшелері одан әрі Майдантал ауылына жетіп, Қ.Арынованың үйінде жіп иіретін ұршықпен танысты. Енесі Б.Дүйсенованың анасынан қалған тұрмысқа қажетті құралы екен. Қ.Арынованың айтуынша, жіп иіретін ұршықты қазір пайдаланбайтындығын жеткізіп, көненің көзіндей сақталған жәдігерді музейге өткізуді біраздан бері ойластырып жүргендігін айтты. Бізге жәдігерін ұсынып жатқандығын көрген ауыл тұрғыны Ұ.Бектасова апайда дастарханға қоюға арналған 1970-1980 жж. қолданыста болған екі дана пәтнүсін музейге сыйға тартты. Одан әрі ауыл тұрғындары К.Абылаева кебежесін, Г.Исмаилова диірмен мен ұршықтың басын, Б.Ералиева 2 дана май шамын музейге сый ретінде тапсырды.
Экспедиция мүшелері музейге сый ретінде жәдігерлерін тапсырған ауыл тұрғындарына музей басшылығының атынан алғыстарын білдіріп, музейдің арнайы парақшаларына тіркелуді ұсынып, музейдің баспа өнімдерін сыйға тартты.
Экспедиция жұмыстары жыл соңына дейін Түркістан облысының Сауран, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Қазығұрт, Келес, Сарыағаш аудандары мен Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарында жоспарлы түрде жалғасатын болады.
Б.Байбол, Д.Арын, А.Үркінбаева, С.Байсейіт
Алдыңғы ақпарат

«Ясауитану-2024» — ХИКМЕТ ҚАЛЫҚТАҒАН КҮН

Келесі ақпарат

18 мамыр – Халықаралық музей күні