Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың жаңа шежіресі табылды
Қырғызстан Республикасы, Жалалабад облысы, Алабұқа ауданында Қожа Ахмет Ясауи әулетінің өкілдері өмір сүруде. Бүгін Тажиддинов Минавар ақсақал (76 жаста), зайыбы Тажиддинова Мадина (66 жаста), ұлы Тажиддинов Муслим (48 жаста) музей-қорық әкімшілігіне келіп, бабаларынан жеткен Ясауи әулетінің парсы тілінде жазылған ұзындығы 40 метрге жуық «Насабнама» шежіресін таныстырып, шежіренің электронды нұсқасын музей қорына сый ретінде өткізді. Шежірені Тажиддин ақсақал қартайған шағында әулетке түскен жас келін Рахилаға сандықта сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуді аманаттайды. Шежірені сақтаған Рахила апа бұл күндері 93-ке келіп, әулетін жинап, «Насабнаманы» Тажиддинов Минавар ақсақалға табыстайды. Шежіреде Қожа Ахмет Ясауидің және зайыбының шыққан тегі жайлы мәліметтер, ұлы Ибрахим, қызы ГауҺар Хоштәж, күйеу баласы Ахмет әл-Қарашұқи есімдері жазылған. Музей-қорықтың кіші ғылыми қызметкері Ұ.Жүнісбаев пен ясауитанушы ғалым З.Жандарбек шежіренің ХХ ғасырдың басында көшірілгендігін, көптеген басқа шежірелерде жоқ мәліметтердің бар екендігін алға тартты. Алдағы уақытта музей-қорықтың қызметкерлері «Насабнама» шежіресін толық зерттеп, ғылыми айналымға енгізетін болады.