Ел Тәуелсіздігінің айқын бір тірегі – ұлттық валюта. Сондықтан да тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекет – Қазақстан Республикасы араға екі жыл салып өзінің ұлттық валютасы – теңгені сауда-саттық жасау құралы ретінде қолданысқа енгізді. Бұл 1993 жылдың 15 қарашасы болатын. Сол айтулы күнге бүгін 30 жыл толып отыр.
15 қараша – Ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толуына орай «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы «Теңге. Ғасырлар сабақтастығы» тақырыбында көрме ашты.
Көрменің ашылу салтанатында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры Мәулен Жарылқасынұлы Садықбеков сөз сөйлеп, көпшілікті Ұлттық валюта күні мерекесімен құттықтады. Және теңгенің тарихы жайлы айта келіп, бүгінгі көрменің мақсаты мен ерекшеліктеріне тоқталды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Бекмұхан Қалдыбекұлы Тулепбергенов пен Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетұлы көрмеге жиналған қауымды маңызды мерекемен құттықтап, заңды төлем құралына айналған төл теңгеміздің ел экономикасындағы орны жайлы пайымды пікірлерін айтты. Сондай-ақ еліміз үшін маңызы зор осындай айтулы мерекеге орай арнайы көрме ашып отырған «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына алғыстарын білдірді.
Бұдан соң көрмеге келген көпшілік «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қызметкері Т.Жолдасовтың экскурсиясы бойынша «Теңге. Ғасырлар сабақтастығы» тақырыптық көрмесін тамашалап, қазақ жерінде ерте кезеңдерден айналымда болған ақшалардан бастап, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған төл теңгеміздің 1993 жылғы ең алғашқы үлгілері мен бүгінгі таңға дейінгі даму тарихымен танысты.