• 16 Қыркүйек 2019

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде «Ядролық сынақ – мәңгілік жара сыздаған» фото көрмесі ашылды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Ядролық сынақ – мәңгілік жара сыздаған» атты фото көрме өтті.

29 тамыз — Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күніне орай өткен шараға «Семей ядролық сынақ полигоны» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Құралтай Салықбаев, аталған бірлестіктің мүшелері Сәрсенбай Сейсенбеков, Тайыр Нәбиев және «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков ашып берді. «2010 жылдың 29 тамызы – Бейбітшілік пен ядролық қатерді болдырмау үшін аса маңызды. Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қолдауымен бұл күн БҰҰ-ның күнтізбесіне енгізілгені белгілі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Қазақстан – мұндай қадамға барған алғашқы ел. Көшбасшы бастама дені сау, қайғысыз болашақ үшін жасалған серпінді қадам болып тарихта қалды», — деді Мұрат Мейірбекұлы.

Шараға келген қонақтар да ядросыз бейбіт тіршілік пен әлем алдындағы айшықты қадамдар жайлы пікір білдірді.

Көрмеге ядролық сынақтың қауіп-қатері мен қасіреті, денсаулыққа тигізер зияны туралы 50-ге тарта суреттер қойылды.

Алдыңғы ақпарат

Өзбекәлі Жәнібековтің туған күніне орай «Тарихи мұра жанашыры» атты көрме өтті

Келесі ақпарат

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі «Ата заң – кемелділік кепілі» атты іс-шара өткізді