«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен еліміздің тарихында өзіндік орны бар Тайқазанның Түркістан қаласына қайта оралған күніне орай «Береке, бірліктің символы — Тайқазан» көрмесі ашылды.
— «Бүгін қасиетті Тайқазанның араға 54 жыл салып елге оралғанына — 31 жыл. Киелі Тайқазан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен 1989 жылы 18 қыркүйек күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жеткізіліп, тарихи күннің біріне айналды. Осы күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тарихи жәдігеріміз жайлы көрме ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Көрменің мақсаты — киелі Тайқазанның жасалу, тарихи орнына оралу және жасаған ұстаның есімі мен жасалған орнының тарихымен таныстыру, төл тарихымызды насихаттау болып табылады. Сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген бағыттарын жүзеге асыру мәселелерін де қамтиды.
Биылғы шараның ерекшелігі Тайқазан көшірмесін жасап жүрген танымал қолөнер шеберлерінің де жұмыстары таныстырылуда»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Кесенеге келушілерді көрме жәдігерлері арасындағы ағаштан жасалған алып Тайқазан ерекше қызықтырды. Тайқазан көшірмесінің авторлары — Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының ұстаздары Қыдырғали Агибаев, Пердехан Тансихов және Болат Серікбеков.
-«Тайқазан жеті түрлі металдан жасалғаны белгілі. Біз де соған негіздеп жеті түрлі ағашты қолдандық. Яғни, өз елімізбен қатар, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сынды жеті елдің сапалы ағаштарынан жасалған. Негізгі нұсқасына лажы барынша келтіруге тырыстық. Көшірмені жасап шығуға бір жарым жылдай уақыт жұмсалды. Салмағы 300 келіге жуықтайды. Түпнұсқа Тайқазанның ою-өрнектері мен өзге де элементтерін дәл түсіріп, жазуларынан қателік жібермеу үшін арнайы мамандардың көмегіне жүгіндік.
Тайқазанды жасауға Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының үш ұстазы оқушыларға ағаш жону, кесу, желімдеу сынды жұмыстарды үйрете отырып жасадық. Шәкірттеріміз үшін бұл жұмыс ең ерекше тәжірибе болды деп ойлаймыз»,- деді ағаш шебері, ұстаз Қыдырғали Агибаев.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ұйымдастырылған көрме экспозициясына Тайқазанның құйылған орны мен 1935 жылы Ленинград (Санкт-Петербург) қаласындағы Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына алып кеткен және қайта оралған сәттерінен суреттер, жәдігердің қайта оралуына байланысты тарихи құжаттар, кітаптар, музей, қала әкімшіліктерінің Үкіметке, Жоғарғы кеңеске, Халық депутаттарына жазған хаттары мен жеделхаттарының көшірмелері, қолөнер шеберлері Қалмырза Тасов, Насыр Хамрақұлов, Жанболат Байдаулетов, Қыдырәлі Әжібаев, Абай Рысбаев жасаған Тайқазан көшірмелері және әр жылдары сыйға тартылған музей қорында сақталған жәдігерлер қойылды. Карантин талаптарына сәйкес көрмеге келушілердің сақтық шаралары сақталған.
Көрме бір ай бойы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілердің назарына ұсынылады.