Музей қорында XV ғасырға тән Қарашық мыс ақшалар көмбесі сақталған

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорындағы XV ғасырға тән Қарашық мыс ақшалар көмбесі 2002 жылы Түркістан қаласындағы қорымнан табылған болатын.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап қорым ретінде пайдаланыла бастаған жерден мола қазу кезінде 70 см. тереңдіктен көлемді мыс ақшалар көмбесін тапқан Түркістан қаласының тұрғыны Нұрдилла Карибаев аталған жәдігерді музей қорына табыстады.

Қорық-музей мамандары зерттей келе мыс ақшалар көмбесінің басым бөлігі бұған дейін де Орта Азия мен Тәжікстаннан көптеп табылып отырған XV ғасыр көмбелері сияқты хижраның 832 жылы (1428-1429 жж.) соғылған Бұхара эмиссиясынан тұратындығын анықтады.

Тиындардың негізгі бөлігін Бұхара ақша сарайының өнімдері құрағанымен реформаның алғашқы кезеңі мен реформадан кейінгі кезеңде жұмыс жасаған ақша сарайлары — Самарқан, Термез, Хутталян, Урду, Шахрухия, Андиган, Балх, Герат, Қарши және Қашғардың ақшаларымен қатар, типтік қатынасы бойынша Ширваншахтар мемлекетінің Баку ақша сарайында соғылған ақша да бар. Бұл тиындардың бетіне жылдық көрсеткіштері түсірілмеген. Осы кезеңге тән, Орта Азиялық көмбелер арасынан бұл типті ақшалар кездескендігі жайлы мәліметтер жоқ. Дегенмен, бұл ақшаның соғылған мерзім аясын XV ғ. аяғы мен XVI ғ. басына сыйдыруға болады.

Тиындардың көпшілігінің беттеріне шаршы және алтыбұрыш пішінді үстінен қайта шекімелер түсірілген. Көмбе құрамындағы 724 дана тиыннан тұратын бөлігі Р.З.Бурнашева тарапынан зерттелген.
Р.З.Бурнашева өз еңбегінде көмбе құрамындағы бір тиынның бетінде Дженд ақша сарайының атауын оқығандығын келтірген. Алайда, тиынды жіті зерттеу барысында ақша сарайы атауы жазбасының Шахрухия екендігі анықталды.

Бұхара мыс ақшалары бір типте еш өзгеріссіз XV ғасырдың аяғына дейін соғылып отырған. Алайда, Қарашық көмбесінің құрамында Бұхара ақша сарайында соғылған ақшалар арасында типологиялық тұрғыда өзгешіліктерге ие бірнеше ақшалар бар. Бұл тиындардың сақталу жағдайлары нашар болуы мен үлгілердің сирек кездесетіндіктеріне байланысты олардың толық реконструкциясын жасау мүмкін болмады.

Көмбе құрамында Балх ақша сарайында 854/1450-51 ж., 832/1428-29 ж. Гератта соғылған өте сирек кездесетін тиындар да бар. Балх ақшасы 832/1428-29 ж. Бұхара ақшасының типімен бірдей. Бұған дейін 854 х. жылдық көрсеткішпен тек Самарқан және Шахрухия ақшалары ғана белгілі болып келген. Біздің музей қорындағы Қарашық көмбесінің құрамындағы 854 х /1450-51ж. соғылған Балх ақша өнімінің табылуы, бұл ақша сарайының да реформа тұсында қызмет атқарғандығын көрсетеді.

Қарашық көмбесіне дейін XV ғасырда Ұлықбек реформасы кезеңіне тиісті көмбелердің ешқайсысының құрамынан Герат ақша сарайының өнімі кездеспеген болатын. Осы тұрғыда көмбе құрамындағы 832/1428-29 ж. Гератта соғылған ақшалар бұл ақша сарайының реформаны іске асыруда қызмет атқарғандығын дәлелдейтін жалғыз дереккөз болып табылады.

Ұлықбек реформасы тұсында соғылған ақшалармен типтес Балх және Герат ақшалары реформаны іске асыруға тек Мавереннахр ақша сарайлары ғана емес, Шахрух билігіне қарасты территориялардағы ақша сарайлардың да атсалысқандығын көрсетеді. Осыған орай, бұл ақша реформасы бүкіл мемлекетте дер кезінде жүргізілген өте тиімді шара болған деп тұжырымдауға болады.

Көмбе құрамында Жент ақша сарайында соғылған екі дана бірегей ақша үлгісінің кездесуі, бұл ақша сарайының да реформаны іске асыруға қатысқандығын көрсетіп отыр.

Ақшалардың көпшілігінің беттеріне үстінен қайта шекіме бедерлері түсірілген. Тиындар бетіне үстінен қайта түсірілген шекіме іздерінің көпшілігі 1-ші типтің ІІ-ші разрядына жатады. Е.А.Давидовичтің жүргізген зерттеулері бойынша 832/1428-29 жылдық көрсеткішімен соғылған ақша беттеріне түсірілген бұл типтегі үстінен қайта жүргізілген шекімелер XV ғасырдың екінші жартысынан XV ғасырдың соңына дейінгі аралықта түсіріліп отырған.

Толқын Жолдасов,
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкері

Алдыңғы ақпарат

Міртөбе қонысы

Келесі ақпарат

Балаларға арналған аңыздар топтамасы