«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МУЗЕЙІНДЕ САҚТАЛҒАН «ЖАЛҒАН ЖҮЗІК» ТҮРІНДЕГІ ГЕММАЛАР

Қазақстан жерінде адамдар бағзы заманнан асыл тастарды танып, құрамы мен тегіне қарап, әр түрлі минералдар мен тау жыныстарын пайдаланып қолдана білгендіктері археологиялық мәліметтерден белгілі. Бұған Қазақстан жерінен табылған біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықта тастан жасалған білезіктер мен әр түрлі әсем бұйымдардың бөліктерін, Бесшатыр зираты мен Есік қорғанынан қазып алынған қызғылт сары ақықтан жасалған моншақтарды жатқызуға болады. Сондай-ақ «Әзірет-Сұлтан» қорық музейіндегі, Оңтүстік Қазақстанның Түркістан оазисіндегі қалалар мен қоныстардың орындарынан табылған қола дәуірінің мәдениетіне тән алтыннан жасалған құлақ әшекейлері және маржан тастар мен янтардан (кәрібтас) тізілген моншақтар, түрлі ақық тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың бөліктерін қосуға болады. Ата бабаларымыз асыл тастар қатарына жататын—минералдар мен тау жыныстарынан түзілген өз кезегінде мозайкалық және әшекейлік жұмыстарға да ұтымды пайдалана білген.

Алайда, асыл тастарды танып білгенімізбен оның қасиеттері туралы біле бермейтініміз анық. Сол себепті музей қорындағы археологиялық қазбадан табылған асыл тастардан жасалған жәдігерлерімізді таныстыру мен қатар олардың қасиеттеріне де тоқталуды жөн санадық. Сондай асыл тастардың бірі-халцедон тасы. Ол әшекейлі тастар қатарына жатады. Құрылымы тығыз, өте ұсақ жымдасқан, түйірлі қатты тас. Халцедонның әртүрлі түстері мен бітім құрылысындағы суретінің әсем өрнекте түзілуіне байланысты аталатын он шақты түрлері бар. Ғалым И.Кунның кітабында халцедонның түстері әртүрлі болғанымен, барлық түрлерінің шипалы қасиеттері бір шамада. Олар өз бойынан шығаратын жоғары тербелістегі толқындар арқылы, жамандыққа ұшырап, иіні түсіп, жабырқап жүрген адамдардың көңілін көтеріп, бойын сергітіп, ашулы мінезін жадыратып жіберетін қасиеттері бар. Халцедон тасының бір түрінен ұнатып алған тұмары адамдарды жамандық, жауыздық ойлаған қаскүнемдерден қорғап, өз иесін әбден қартайғанша денсаулық қуатының сақталуына және ұзақ өмір жасауына септігін тигізеді деп жазылған. Ал ғалым Джаспер Стоун халцедонның дуалы қасиеті туралы былай деп жазған: «көне заманғы қолжазбада халцедон теңіз саяхатшыларын қорғайтын тас. Көгілдір көк түсті халцедон тасын Моңғол данышпандары «қуаныш әкелетін тас», әрі қайғы-қасіретті жойып, көңілдің көтеріңкі жүруіне жағдай жасайтын тас, индус, моңғол және қытайлықтар көк түсті халцедон тасының қасиеті күшті, әрі Инь энергиясының қожасы деп қастерлеп ұстайды. Көгілдір көк түсті халцедон (сапфирин мен күңгірт түсті кварцтың бір түрі) тасы орнатылған әшекейлі бұйымдар, әрдайым адамның өзіне деген сенімді қабілетін күшейтіп, үрейлі қорқынышты жоятын қасиеті бар», деп бағаланған. Осындай қасиетке бай халцедоннан жасалған геммалар (мөр) Онтүстік Қазақстан қалаларының археологиялық қазбаларынан табылған. Әсіресе геммалардың бір тобы Отырар оазисіндегі Қоңыртөбе мазарынан, Жетіасар ескерткіштерінен, Түркістан оазисіндегі Қаратөбе-Сауран, Сидақ ата қалаларынан табылды. Олар ІV-V ғғ.тән «жалған жүзіктер» түріндегі сасанидтік геммалар болып табылады. Геммалардың беттеріне әр түрлі жәндіктердің, құстардың, аңдардың кейбіріне түсініксіз бейнелер батыра ойылып салынған. Мысалы Отырар қорық музейіндегі гемманың бетіне үлкен тарам-тарам мүйізді бұғының, Сауран, Сидақ ата қазбасынан табылған геммадалардың бірінде құс бейнелері, екіншісінде таутекеге ұқсас аңға мінген адамның бейнесі штрих түрінде берілген. Оларды ирандық бағыттағы сауда-саттық жолымен келген шетелдік сасанидтік геммалар деп айтуға болады. Геммалар дегеніміз-өрнекті тастар болып табылады, және «жалған жүзік» түрінде жасалып, бетіне әр түрлі суреттер оймышталып салынады.

1. Тұмсығына бұтақ қыстырған құс бейнеленген гемма (мөр инталия) ІV-V ғасырларды қамтитын мәдени қабаттан табылған. Шыны, балауыз сияқты жылтыр көрінетін, ақшыл түсті халцедон тасынан жасалынған. Гемманың өлшемі Һ-1,8 см. d- 2,3 см болып келген. Гемма үлкен жүзік тәрізденіп келген, бүйірінен мойынға бойтұмар есебінде тағып жүру үшін 07х08 мм. тесік жасалған. Табан жағы көлденеңінен сопақша болып тегістеліп жылтыратылып, бет жағына тұмсығына бұтақ қыстырған құстың бейнесі сызықша түрінде ойылып бейнеленген.

2. Сидақ ата қазбасынан табылған келесі геммада тау текеге ұқсас аңға отырған адамның бейнесі ойылып бейнеленген. Гемманың (мөр. инталия) өлшемі. Һ-2 см, d- 2,9 см. ортаңғы тесігі 7х 6 мм. болып келген. Геммаларды кезінде асыл тастардан жасалған әшекейлік қасиетті тас ретінде пайдаланса, келесі біреулер, жекеменшік белгісін білдіру мақсатында қолданып, мөр қызметін атқаруға пайдаланған. Көне дәуірлердегі мөрлер әр түрлі формада болып және олардың бетіне неше түрлі бейнелер салынатын. Мысалы, құдайлар, құстар, қоңыздар, гүлдер т.б. Кейбір мөрлер асыл тастардан, кейіннен алтын, күмістен жасалынды. Басуға ыңғайлы болу үшін иелері мөр тастарды жүзіктеріне орнатып, қолдарына тағып жүрген немесе тас мөрлердің ортасы арнайы тесіліп, баулар жалғанатын болған. Көшпелі өркениеттің көсемдері жылқының, тау ешкінің, барыстың бейнесі бар мөрлерді, тіпті кескіні түсініксіз грифондарды пайдаланды. Б.з.д. Х-V ғасырларда Ассирияда, Бабылда, Мысырда, Урартуда цилиндр пішінді тас мөрлерді пайдаланған.

Ғылымда негізінен бағалы асыл тастарға бедер салу өнері-Глиптика деп аталады. ( грекше. glypho-оямын, қашаймын) дегенді білдіреді. Асыл тастарға бедер салу өнері, таяу Шығыс елдерінде б.з.б. 4-мыңжылдықтан (инталиялар), бастау алып, өрнекті тастар (геммалар) кең тараған. Инталияларды әдепкіде жұмсақ материалдарға, балауыздарға, балшықтарға түсірген. Инталия (италияның intaglio-сөзінен шыққан)-терең ойылып жасалған бейнелер дегенді білдіреді.

Адамзат тарихында ерте кезеңдердің өзінде мемлекеттік билік иелерінің бұйрықтарынан, саудагерлердің келісімдеріне дейінгі құжаттарды бекітуде әр түрлі бейнедегі таңбалардың немесе билеушінің суреті басылған мөрлерді пайдаланған. Сондай ақ, мөрлерді әр түрлі асыл тастар мен бағалы металдардан жасатып бой тұмар, жүзік ретінде тағумен бірге, оларда керемет ғажайып күштің бар екеніне сеніп қастерлеген.

Алдыңғы ақпарат

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН

Келесі ақпарат

МУЗЕЙДЕ ҚАБАНБАЙ БАТЫРДЫҢ ҚАРУЫ САҚТАЛҒАН