ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ЖӘНЕ ТАЙҚАЗАН

Халқымыздың салт-дәстүрінің білгірі, еліміздегі музей ісінің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков — ел үшін еңбегі ерен жан.
Төрткүл дүниеге аты мәлім, түркі жұртының ортақ шаңырағы — Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанның Санкт-Петербургтің Эрмитаж музейіндегі көрмеден елге оралғанша қаншама тар жол тайғақ кешуді бастан өткергені белгілі.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музей етіп құруда, Тайқазанды елге қайтарып, қайта орнына орнықтыруда сол кезде мәдениет саласында қызмет атқарған, белгілі қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф ғалым Өзбәкәлі Жәнібеков ағамыздың сіңірген еңбегі ерекше орасан.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қорында Жәнібеков есімімен байланысты біршама жәдігерлер бар. Ол 1978 жылдан бастап қорық-мұражай қорына өткізген Қабіржапқыш, Қоңырат кілем, Шұғыла кілем, бөлме жиһазы (Асадалға ұқсас жасалған), кесене тарихы мен осы өңірдің тұрмыс-тіршілігіне, жағрафиясына қабысатын т.б. жәдігерлерді Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайынан алдырып, қорық-мұражай қорына табыстады. Соңғы жылдары көз майын сарқып «Алтынай», «Адырна» фольклорлық ансамбль қызметкерлеріне ұлттық нақышта тіктірген көйлегі, немересі Әзелге Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай тіктірген қазақы көйлегі (1989 жыл), сондай-ақ тұтынған заттары жинақтала бастады.
Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Сарықамыс ауылында қарапайым жанұяда дүниеге келіп, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы нәтижесінде жоғары білім алған. Еңбек жолындағы қызметін шәкірт тәрбиелеуден бастап, бойындағы тума талантының арқасында саяси қызметте аудандық комсомол комитетінен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің Хатшысына дейінгі қызметті атқарған. Ө.Жәнібековтің өмір жолына қарап отырсаңыз қызмет бабымен Қазақстанның қай өңіріне барса да ел басқарудағы ерекше қасиеттері халқымыздың қазынасы-ұлттық өнер, салт-дәстүрді дәріптеудегі өнегелі істері ұшан теңіз. Сондықтан да халқымыздың біртуар ұлы Ө.Жәнібековті туған жері, тек оңтүстік өңірі ғана емес барша қазақ мақтан тұтады.

Алдыңғы ақпарат

БІЛІМ ҰЯЛАРЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН КӨРМЕЛЕР ЖАҢАША БАҒЫТТА ӨТТІ

Келесі ақпарат

Музей қызметкерлері жаңаша бағытта көрме ұйымдастырды