МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҚЫЛУЕТ МАКЕТІ — ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕР

«Үлкен қылует» жерасты мешіті 1942 жылы бұзылып алынып, қыштары түгелдей Түркістан май зауытын тұрғызуға пайдаланылған. 1941 жылы бұл ортағасырлық ескерткіш бұзылар алдында архитектор А.Л. Шмидт «Жерасты қылует мешітінің» түпнұсқалық көрінісінің макетін жасап кеткен болатын. Бүгінгі таңда А.Л. Шмидт жасаған бұл макет «Әзірет Сұлтан» музей қорығының қорындағы ең құнды жәдігерлердің бірі болып табылады.
Көшірменің мұншалықты құнға ие болуы, макет өлшемдерінің тарихи ғимараттың түпнұсқалық өлшемдерімен дәлме-дәл келуі болып отыр. 1999 жылы осы ортағасырлық археологиялық ескерткіште зерттеу және қазба жұмыстарын жүргізген археолог М.Қ. Тұяқбаев макет бөлмелерінің кішірейтілген масштабтағы көшірмесі мен қазба жұмыстары нәтижесінде анықталған бөлме іздері бірме-бір сәйкес келетіндігін айтады.
Макет саз, ағаш, қағаз, папье-маше сияқты қарапайым материалдардан жасалған. Ең алғаш 1972-73 жылдары археологтар Т.Н. Сенигова, 1979 жылы Е.А.Смағұловтар жүргізген зерттеу жұмыстарының арқасында бұл тарихи нысан 1994 жылы «Свод памятников истории и культуры Казахстана» атты басылымның Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи ескерткіштер қатарына енгізілді.
Қылует жерасты мешіті 1999-2000 жж. А.Л. Шмидт жасаған макеттің негізінде қайта қалпына келтіріліп, бүгінгі күні қаламызға келуші туристер мен зияратшыларға қызмет көрсетіп отыр.
Марина Искакова, экскурсовод.
Алдыңғы ақпарат

МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ ХҰМДАР

Келесі ақпарат

Мәдениет және ақпарат министрі тағайындалды