«Ясауи мұрасы – мәңгілік мұра»

Түркі әлемінің рухани көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұрасына арнап қаламыздағы Балалар мен жасөспірімдер орталығы «Ұлыға тағзым» тақырыбында мәдени-көпшілік шара ұйымдастырды. Шараға ясауитанушы ғалымдар мен қарымды қаламгерлер қатысты. Шара аясында әулие бабамыздың негізінде құрылған «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы» тақырыбында көшпелі көрме ұйымдастырды. Көрме экспозициясына музей қорында сақталған құнды мұралар қойылды. Атап айтсақ, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының қолжазба нұсқалары мен 1902-1910 жж. Қазан, Ташкент, Стамбул баспаларынан шыққан нұсқалары, «Рисала дар адаби тариқат», «Пақырнама», «Мират ул-Қулуб» еңбектері, ұлы тұлғаның соңынан ерген шәкірттері С.Бақырғанидың «Диуан» еңбегі, Әулие Биделдің «Диуандары», Ә.Науаидің «Ғазалдары», Шейх Худайдат әл Бухаридің «Бустан ул-мухиббин» еңбектері мен Әмір Темір сыйға тартқан лауха, қақпа есіктерінің көшірмелері көпшілік назарына ұсынылды.
Көрме қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың өмірі мен қызметін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру және телегей теңіз мұраларын насихаттауды мақсат тұтады.
Аталмыш көрме қаламыздағы №3 Әмір Темір атындағы жалпы орта мектебінде де жалғасын тапты. Мектеп оқушылары мен ұстаздары Ясауи мұралары хақында мол мағлұмат алып, оқушылардың түрлі тақырыптарда қойылған сұрақтарына музейдің кіші ғылыми қызметкерлері Т.Оразов пен С.Байсейіт жауап берді. Танымы мен тағылымы мол көрмелер әлі де жалғасатын болады.

Алдыңғы ақпарат

ШӘМЕТ ИШАН МЕШІТ-МЕДРЕСЕСІ

Келесі ақпарат

2022 жылы шетелден 7000 тарихи құжат елге қайтарылды