Ясауи кесенесіндегі ортағасырлық аспалы шырағдан тарихи тұғырына орнатылды

18 мамыр — Халықаралық музейлер күніне орай Қожа Ахмет Ясауи қабірханасының алдына ортағасырлық аспалы шырағданды орнатты.

-«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі әрбір бөлменің өзіндік тарихи қызметін жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Халықаралық музейлер күніне орай қорық- музей қорындағы ХVІ ғасырға тән құнды да түпнұсқа жәдiгерлердiң бiрі аспалы шырағданды тарихи тұғырына орнатып отырмыз. Шырағдан кезiнде Қазандық бөлмесiнiң солтүстiк ойығы астында, Қабырханаға кiре берiстегi арканың ұшында iлулi тұрған»,- деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Н. Ахметжанов.

XVI ғасырда ілінген аспалы шырағдан 1993-1999 жж. аралығында кесенеде жүргізілген жөндеу жұмыстары кезiнде төмен түсiрiлiп, оны жан-жақты зерттеп, талдауға мүмкiндiк туған. Оған дейін оны ешқандай зерттеушiлер, не кесененiң дiни қызметшiлерi орнынан қозғаған емес, уақытқа байланысты оның сыртқы түсі қарақошқылданып кеткен.

Шырағданның түр-тұрпаты құмыра тәрiздi болып келген. Бүйiрiндегi үш жерiнен (асып) iлiп қоюға арналған шынжырлар бекiтiлген, iлмегi бар. Iлмек — Қазандық бөлмесiнiң Қақпа есiгiнiң балғашаларындағы жануар бейнесiн (барыс) қайталайды. Осы үш шынжыр жоғары көтерiлiп бiр дөңгелек метал пластинаға бекiтiлген де ары қарай ойық ұшына iлiнетiн iлмекпен аяқталады.

Сондай-ақ, бүйiрiнiң бiр шетiнде өрнектеп парсы тiлiнде жазылған тарихи маңызды жазулары бар. Аудармасы: Әулиелердің сұлтаны, тақуалардың дәлелі, Қожа Ахмет Ясауи. Бұл аспалы шырақты Хажжаж ибн Уаққас Сайрами арнайы Сұлтанның [Қожа Ахмет Ясауи] кесенесіне уақф ретінде сыйға тартты.

Алдыңғы ақпарат

Сырдан туған сыр

Келесі ақпарат

Түркістанда хан көтеру рәсімі өтті