Тілдің әдеби нормасы өзгере ме?

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі» онлайн курсының кезекті дәрісі тілдің әдеби нормасын сақтау тақырыбына арналды. Дәріс жүргізушісі «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Нұрсәуле Рсалиева аудиториямен маңызды ақпараттармен бөлісті.

Өз ұлтының болашағын ойлаған ел бар күшін тілін сақтауға жұмсайды. Себебі қатар өмір сүріп отырған тілдердің бір-біріне міндетті түрде әсері болады. Әсіресе кіші тілдерге үлкен тілдердің әсері қандай болатыны, көптеген кіші тілдердің тағдыры немен аяқталып жатқаны қазір тіл білімі саласында жүрген мамандар үшін жаңалық емес. Қазір әлемде жүріп жатқан екі үдерістің бірі жаһандану болса, сол жаһандану өзіне кері процесті де алып келді, оның аты – протекционизм (өзін қорғау деген мағынаны білдіреді). Экономика саласының термині ретінде белсенді қолданысқа иә. Тиісінше тіл білімі саласында да лингвистикалық протекционизм (linguistic protectionism) ұғымы қалыптасқан.

Шындығын айтқанда «Рухани жаңғыру» идеясы бұл лингвистикалық протекционизмнің біздегі баламасы. Бұл идеяны пайдаға асыру үшін атқарылып жатқан іс-шаралардың бірі – жазу реформасы. Себебі бұл да кәдімгі жаһандық деңгейде қолға алынып жатқан, өз-өзіңді сыртқы күштердің толқынынан қорғау амалдарынан туған шара.

Жазба тілінің де, сөйлеу тілінің де өзіндік нормалары – орфографиялық, орфоэпиялық нормалардың қалыптасатыны белгілі. Тілдің грамматикасы мен лексикалық қоры әдеби нормаға бағынады.

Сонымен, «Рухани жаңғыру» идеясы аясында қазақ тілінің әдеби нормасына төмендегіше өзгерістер енеді.

Біріншіден, жазу реформасы аясында, «қазақ әліпбиінің құрамынан алынып тасталған орыс әліпбиінен енген таңбалардың орны қандай  өзгерістермен жабылады? Осыған қатысты орфографияда аз-кем өзгерістер болатыны анық.

Орыс және ағылшын тілдерінің әсерінен және бірқатар төмендегіше түзетулер енгізілуі тиіс.

Екіншіден, қоғамдағы қолданыста жүрген көзге көрініп тұрған нормадан ауытқуларға жол бермеу, қазір тосқауыл қоймасақ, сіңісіп кетеді.

Мен ойлаймын

Аспазшы мамандығына оқып жүр

Шындықпен жанаспайды

15 үміткерлеріміз

Осы сәтпен пайдаланып …

Спокойно телефонмен қолданып жүре береміз

Үшіншіден, нормадан ауытқып, бұрмаланған нұсқасында сіңісіп кеткен сөздер мен сөз тіркестерін (қиын да болса) қалпына келтіруіміз керек.

Мейрамыңмен! (дұрысы Мейрамың құтты болсын!)

Мейрам(дар)ыңызбен!

Туған күніңмен!

Жаңа жылыңмен!

Көріскенше!

Кездескенше!

Сау-саламатта болыңыздар!

Үлкен рақмет!  (дұрысы көп рақмет)

Маған (оған, ол кісіге) хабарлас (дұрысы менімен , ол кісімен хабарлас)

Мұндай қателерді болдырмау үшін сұрақ қою арқылы тексеруге болады.

Төртіншіден, бүгінгі күнге дейін норма болып келген, оның нормаға сай екеніне тіпті күмәнданбаған кейбір сөздерімізді қайта қарауға тура келеді. Мысалы, италияндық па, италиялық па? Американдық па, америкалық па? Африкандық па, африкалық па? Азиаттар ма, азиялықтар ма?

Сөздерге морфологиялық талдау жасау арқылы оп-оңай сөздердің екінші сыңарларының дұрыс екенін, бірінші, қазіргі қоланыста жүрген нұсқаларының қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына кері келетінін, бұл тұрпаттарына өзге тілдердің әсерінен ие болып тұрғанын көреміз.

Жалпы есепте көрсетілген топтамалардың барлығын да тілдің табиғи әдеби нормасына қайту үдерісі деп бағалауымыз керек.

Алдыңғы ақпарат

Нұрсұлтан Назарбаев: Бірлесе білген ел бәрін жеңеді

Келесі ақпарат

Қ.А.Ясауи кесенесінің Мешіт бөлмесі