Тазалық, тазалану туралы не білеміз?

Халқымыз жас ұрпақты рухани-адамгершілікке, салауаттылыққа, тазалыққа тәрбиелеумен бірге, олардың жан тазалығын да қалыптастыруға ерекше көңiл бөлген. Сондықтан тазалықты жай ғана қарапайым сөз емес, үлкен ұлағатты, мағыналы сөздердің бірі деп қарастырғанымыз жөн. Даналарымыз адам өмірінің зор байлығы — денсаулық десе, ал денсаулықтың кепілі — тазалық екенін білген. Қазақ тілінде «тазалық» деген сөз бар. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде ол екі түрлі мағына береді. Бірінші мағынасы кір, лас болмай, яғни адамның өз денесін таза ұстап, киетін киімін таза кие білуі. Екінші мағынасы жан тазалығы. Бұл «тазалық» сөзінің ауыспалы мағынасы мәдениеттің бір белгісі — ақниеттілікті, адалдықты, пәктікті білдіреді. Адалдық — адам бойындағы таза ниет, имандылық қасиет болып табылады.
Ежелден қазақ халқы: «Тазалық — саулық негізі, саулық — байлық негізі» — деген қағиданы берік ұстанып, тазалықтың өмірдегі алатын орны мен мәні жоғары болғандықтан, оған ұмтылу әрбір адамның міндеті екенін түсініп, діни әдет ғұрыптар мен ырым-тыйымдарды да тіл мен көзден сақтау мақсатында «тазалық» әрекеттерін жасап отырған. Мәселен үшкіру, тек науқасқа қатысты ғана жасалатын болса, аластап тазарту жаңа қонысқа орналасқанда, мемлекеттік дәрежеде елшілер қабылдағанда және т.б. жағдайларда орындалды. Аластау салты қазіргі кезге дейін сақталған; мәселен сырқат адамды күн батарда далаға алып шығып, су бүркіп, от айналдырып аластау ырымдарын жасаған.
Орта Азия мен Қазақстанда исламға дейінгі наным-сенімдер мен салт-жоралғылардың көбі отпен байланысты болып келген. Оған дәлел ретіндегі қазба жұмыстары барысында табылған ошақтар мен түтіндеткіш жиынтықтары. Ошақтардың көптеп табылуы халықтардың көпшілігі отты жоғары бағалап, отта бәле-жаладан сақтаушы, күнәдан тазартушы күш бар деп есептеген. Отқа табыну Сырдарияның төменгі сағасындағы б.з.д. VІІ-V ғғ. обаларынан көрінеді. Қауыншы мәдениетінің обаларын қазу барысында мәйіттің үстіне шоқ төгу рәсімі болғаны, қабірге күл, шоқ салынған ыдыстар мен арнайы түтіндеткіштердің қойылғанын анықтаған. Археологиялық жұмыстардан Отырар, Түркістан өңірлерінен (Құйрықтөбе, Қаратөбе-Сауран) ошақтардың бірнеше түрлері шықса, Түркістан оазисіндегі Шербай қорымы мен Сидақ ата қазбаларынан б.з.д ХVІ-ХV ғғ. мен б.з V-VІІІ ғғ. тән қыштан жасалған түтіндеткіш ыдыстар табылды. Мұндай хош иіс шығаратын түтіндеткіштердің табылуы, адамдардың өздеріне қатысты салттық жоралғыларын орындауға пайдаланғанын білдіреді. Олар хош иіс шығарып түтіндету арқылы үй-жайды, адамдарды жерлегенде жаман зұлым күштерді қуып отырған.
(Жалғасы бар)
Әшіркүл Егеубаева, қор бөлімінің қызметкері.
Алдыңғы ақпарат

2022 жылы 68 елді мекеннің атауы өзгертілді

Келесі ақпарат

Тазалық, тазалану туралы не білеміз? — 2