ТАРИХИ ЖӘДІГЕРЛЕРДІ ТАНУҒА ӨСКЕЛЕҢ ЖАСТАР ЫНТАЛЫ

Музей жұмыстарының бір бағыты — өскелең ұрпақпен жұмыс жасап, тығыз қарым-қатынаста болу.

Осыған орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Г.Жүзбаева мен Д.Арынова «Тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты» мекемесінде «Музей қорында сақталған тоқыма бұйымдар» тақырыбында дәріс және көрме өткізді.

Шараның қызықты және танымды болуы мақсатында қордағы түпнұсқа, көне жәдігерлерді оқушылар назарына ұсынды.

-«Өскелең ұрпақтың жазылмаған, таза парақ екенін ескерер болсақ олардың бойына мектептен, сыныптан тыс өзгеше жағдайда туған жерге, төл тарихымызға деген құрмет пен махабатты егудің маңызы зор. Халқымыздың «Оқып үйрен, ғалым бол, ең керегі – адам бол» деген тамаша даналық сөзі бар, бұл мақал адамды адам ететін ең басты нәрсе білім емес, тәрбие екенін меңзейді. Ал, музейлерде қордаланған жәдігерлер арқылы жас жеткіншектерді тарихымызға, ұлттық тамырымызға үңіліп қарауға, күнделікті көріп жүрген дүниелеріне, айналасына басқа қырынан қарауға, еркін ойлануға, қиялын дамытып, тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік зор. Музейдің қоғамдық институт ретіндегі басты қызметі де осы болып табылады»,- деді музей қызметкері Гаухар Жүзбаева.

Тоқыма бұйымдар мен олардың қолдану әдісі, түстердің бір-бірімен үйлесімділігі және ұлттық оюлардың мән-мағынасы жөнінде балалармен пікір алмаса отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген ғылыми қызметкер Динара Арынова музей қорындағы жәдігерлердің тарихы жөнінде де әңгімелеп берді.

Алдыңғы ақпарат

Дүйсен бидің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленуі жайлы деректер

Келесі ақпарат

«Музей қорында сақталған тоқыма бұйымдар» атты көрме ұйымдастырылды