Тайқазанды он үш рет көтерген Алатау батыр

 

Тарих деген айналып тұрған дөңгелек. Ал, кезінде қазақ халқымен бірге қазақтың Бас ескерткіші алып Тайқазаны да өз Отанына адал қызмет етті. Алпыс шелек су сиятын салмағы 2 тонна, диаметрі 2,45 метр қола қазан Қазандық бөлмесінің ортасында тұрған. Қазандағы шекер қосылған судан зияратшыларға, тәу етушілерге беріп отырған. Бұл қазан Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Қарнақ деген мекенде құйылған. Оны құйған тебриздік шебер Әбдел-Әзиз ибн Шарафуддин. Петербургтегі Эрмитаждан қайтарылған Тайқазанды күтіп алған митингіде «Бұл қазан — халқымыздың ырыс қазаны. Ол қазақ жерін мекендеген халықтың жиғаны да, иманы да» деді академик, жазушы З.Қабдолов. Тайқазан жайлы аңыз да, әфсана да жетерлік. Халық кесенедегі тайқазан туралы: «Бұл қазанды кім дүниеге толтырса, қырық құлағынан да сүт ағады, ол Қожа Ахмет Ясауидің иігені» деп уағыздаған. «Ешкім толтыра алмаған қазанды мен толтырамын» — деп арқаның бір байы келеді де, тоқсаныншы қойды сойып салғанында, қазан толып, қырық құлағынан да сүт парлап қоя беріпті деседі. Ел іші — өнер кеніші. Қаншама ән-жыр Тайқазанға арналды десеңізші.

Тайқазан

Тайқазан-баян сыр қылып,

Айтып келем, Тайқазан!

Елу төрт жыл қыдырып

Қайтып келген, Тайқазан!

Әмір Темір кезінде

Сыйға тартқан Тайқазан.

Таусылмайтын несібе,

Ғимаратқа, Тайқазан!

Айт дегенде ағайын,

Арқам қызған, Тайқазан!

Таңдайына талайдың

Нәр тамызған, Тайқазан! – деп, ақын Нұрмахан Назаров жырлағандай Тайқазан елімізге ырыс-береке бастауы да болып оралды. Ал кезінде осы алып қазанды көтеріп, ерен күшін көрсеткен батырлар да болыпты. Ежелден ел арасында сақталған аңызға қарағанда көтерудің мынадай шарты болған. Тайқазанды орнынан бір қарыс көтерсе атақ пен шенге қоса бір үйір жылқы берілген, көтере алмаса 20 үйір етіп айыбын өтеген. Жазатайым қазанды көтеремін деп бүлдіріп не сындырып алса көтере алмаған палуанға өлім жазасын кесіп, куәгерлеріне дүре соғылып, ат тон айып салынған. Қара күштің иесі Әз Хайдар Хабас палуан тайқазанды алғаш көтерген кісі екен. Одан кейін қазақтың он алты палуаны сыннан сүрінбей өткен. Он сегізінші реттік санды Әз Ғараб Алатау жаңғыртуға бел байлайды.

ХVІ ғасырдың орта шегі мен ХVІІ ғасырдың 40 жылдары аралығында өмір сүрген жүрекжұтқан атақты қолбасшы. Бегайдарұлы Алатау батырдың қаһармандық ғұмырбаяны, есімі оның көзі тірісінде-ақ Қоңырат руы мен бүкіл Орта жүздің ұранына айналған. Өзінен бұрыңғы батырлардың үдерістерін жалғастырып, Алатау жауына қарсы шығарда, кейде қайта оралғанда Түркістанға «Әзірет Сұлтан» бабаның әруағына сыйынып, құран бағыштаған Құраннан соң Тайқазанды бір қарыс көтеріп қояды екен, алған сыйлығын кедей-кепшік момындарға таратып отырған. Даңқы аспандаған Алатау батыр қартайған кезіндегі бір сөзінде ағынан жарылып:

— «Қырық рет қанды қырғынға кірдім,

Тайқазанға он үш рет барып, он үш қарыс көтердім» деген екен.

Алдыңғы ақпарат

Дәурен Абаев Алматы қаласындағы мәдениет нысандарын аралады

Келесі ақпарат

Қазтөбе қаласы