• 29 Қыркүйек 2020

Түркістандағы мектептерде «Түркістан — қазақ руханиятының өзегі» көрмесі өтті

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық — музейінің ұйымдастырумен Түркістан қаласындағы № М.Мәметова және №10 Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектептерінде «Түркістан — қазақ руханиятының өзегі» көрмесі өтті.

Көрмеге Түркістан қаласы және Қ.А.Ясауи кесенесінің XIX ғасырдағы суреттері, кесене ішіндегі Әмір Темірден қалған қола жәдігерлердің суреттері мен музей тарапынан шығарылған баспа өнімдер қойылды.

Түркістан қаласы – көне қала ғана емес, сонымен қатар ірі оқиғалардың да куәгері. Қазақ мемлекеттігін құрған, қалыптастырған хандардың, билердің, батырлардың бұл қасиетті шаһарда тұрмағаны немесе соғып өтпегені жоқ деуге болады. IV-X ғасырларда Түркістан орнында Шауғар деген үлкен қала болған. IX-X ғасырлар Шауғар қаласының ең гүлденген шағы болды. Сол кезден бастап Ясы, ал XV ғасырдың екінші жартысынан бастап Түркістан деп аталады. «Түркістан» деген сөз – түріктер мекені дегенді білдіреді. Өйткені, сол заманда бұл аймақты түркі тілдес халықтар мекендеген. Сол уақыттардан бастап қала түркі халықтардың діни орталығы болып келді. XVI ғасырда Тәуке хан мен оның інісі Есім хандар Түркістан қаласын өздеріне астана етіп, және Сыр бойындағы ірі қалалар қазақ хандығының құрамына өтті.

Сол уақыттан бастап, бұл қала қазақ топырағындағы саяси мәселелерді, дау-дамайларды шешу, хан сайлауын өткізетін орталыққа айналды. Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, исі түркі халықтарының қасиет тұтатын рухани ордасы болған.

Аумалы-төкпелі заманда елге нық сенім беріп, діни және рухани беріктікті сақтауға зор үлесін қосты. Кесене ғимаратының орталық Жамағатхана бөлмесінде Әмір Темірдің бұйрығымен құйылған Тайқазан, сол бірліктің, тұтастықтың символы болған.

Қос білім ұясында да осындай ақпараттармен бөліскен музей қызметкерлері оқушылар сауалына жауап беріп, пікір алмасты.

Алдыңғы ақпарат

«Жеті ата» қақпасына дейінгі магистралды көшеде археологиялық қазба жұмыстары басталды

Келесі ақпарат

ҮЛКЕН АҚСАРАЙДА ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ӘСКЕРИ КЕЛІССӨЗДЕР ӨТКІЗІЛІП ОТЫРҒАН