Түркістан облысы бойынша жалпыұлттық маңызы бар қасиетті орындар

“Әзірет Сұлтан” тарихи-мәдени кешені

Түркістан қаласы аумағында орналасқан. Кешенге келесілер кіреді: Қ.А.Ясауи кесенесі, Салқам Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Шақшақ Жәнібек,  Рабия Сұлтан Бегім кесенесі  Үлкен Қылует Қаз Дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Жауғаш батыр және басқада ұлы тұлғалардың жерленген жері.

Қ.А.Яссауи кесенесі ХІҮ ғасырдың соңы Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи кесенесі XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Яссауидің (Яссы-дан шыққан деген мағынада) бейітінің басына соғылған. Кесене – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы.

Орта Азия мен Қазақстандағы біздің занамызыға дейін сақталған ең зәулім күмбезді, қыштан соғылған ғимарат. Оның көлдененеңі – 46,5 м, ұзындығы – 62,5 м. Сыртқы көрінісі симметриялы жинақы келген бұл құрылысқа үлкенді-кішілі 35 залдар мен бөлмелер сыйып тұр. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты 8 дәлізбен және әр түрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатады.

Күлтөбе (Ясы, Түркістан) қалашығы, б.з.д. ІІ ғ. – ХІХ ғ.ғ.

Күлтөбе Ортағасырлық  Түркістан қаласының шығыс жағында, Қ.А. Яссауи  кесенесінен оңтүстікке қарай 480 м жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 235 м. Сопақша келген, биіктігі 9 м, аумағы 150х120 м ауқымды төбешік болып келеді. Ескерткіштің топографиясы қатты өзгеріске ұшыраған. Күлтөбеде алғашқы болып археологиялық қазба жұмыстары 1972-1974 ж.ж. Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды тарапынан жүргізілді. Белгілі археолог Е.А. Смағұловтың пікірінше қала б.з.д. ІІ ғ. Жібек жолымен қатар қалыптасқан.

Сауран қалашығы,  ХІІІ-ХVІІІ ғғ.

Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан. Ортағасырлық Сауран қаласының Дала мәдениеті мен Орталық Азия қалаларының  мәдениеті түйіскен жерде орналасқан «сауда-саттық айлағы», әрі Жібек жолы  бойындағы маңызды торап ретінде Қазақстан тарихында алар орны ерекше. Сауран қаласы жайлы ортағасырлық  деректерде көптеген мәліметтер кездеседі. Қаланың тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі  моңғол шапқыншылығына дейінгі  VІ – ХІІІ  ғасырларды қамтыса,  екінші кезеңі ХІV – ХVІІІ ғасырларды алып жатыр.

Қазығұрт тауы

Орналасқан жері: Шымкент қаласынан 35 шақырым оңтүстікте орналасқан. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 55 км-ге созылған. Ортаңғы биіктеу бөлігінің ұзындығы 22 км, енді жері 10 км. Ең биік жері жотаның шығыс бөлігінде орналасқан (1768 м). Әлемде кеңінен тараған аңыздардың бірі — Нұх пайғамбар кемесі туралы әпсана.  «Киелі тау», «жержүзілік топансу», «Нұх пайғамбардың кемесі» жөнінде әлемдік мифологияда көптеген діни аңыз-әңгімелер бар. Олар негізінен иудейлік, христиандық, исламдық параллельдерден тараған. Исламдық параллель негізіндегі «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген қазақы мифологиялық нұсқаның атап айтарлықтай өзіндік ерекшеліктері бар.

Ақбура әулие

Орналасқан жері: Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Атбұлақ ауылынан 6 шақырым шығыста орналасқан. Кесене жобада бір күмбезді, төртбұрышты пішінде, қабырғалары түрлі оюлармен өрнектеліп, күйген кірпішпен өрілген. Күмбезі аспан түстес сырмен боялған. Кесененің ұзындығы – 9,8 метр. Ені – 9 метр. Биіктігі — 6 метр. Күмбезі – 3 метр. Түрлі ауруға ем болатын бұлақ және кесене адамдардың зиярат ету орнына айналған.

Ғайып Ерен Қырық Шілтен

Орналасқан жері: Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Қазығұрт тауы баурайында орналасқан. Ел арасындағы аңыз-әпсаналарға қарағанда, бағзы заманда бір сахабаның баласы жанына серіктерін ертіп, барлығы қырық кісі болып, қасиетті жерлерді аралап, түнеп, зиярат етіп кете беріпті. Ол кісілер Қазығұрт тауы баурайына барып, қазіргі Әңгірата ауылына жақын тұста орналасқан тасқа түнеп, соны мекенжай етіпті дейді. Тағы бір аңызда олардың атын «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп атаса, екінші бір әңгімеде «Қызыр Ата Қырық Шілтен» дейді. Қалай десе де Қазығұрт бөктеріндегі жергілікті халық әлгі қырық кісіні  ғайыптан пайда болған әулиелер, олардың топтастырылып айтқандағы аты – Шілтер деп түсінеді. Содан ол жер «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп аталып кеткен. Расында да бұл атаудағы «Шіл» сөзі парсы тілінде «қырық» дегенді білдіреді. Маңайындағы түрлі ауруларға шипалы бұлақтарына зияратшылар көп келеді.

Ақмешіт үңгірі

Орналасқан жері: Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақмешіт ауылында  орналасқан. Әктасты жыныстар қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгірдің ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 25 м. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Аңыз-әңгіме: Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген де аңыз айтылады. Үңгірге перзент көрмеген кейбір ерлі-зайыптылар, ауру адамдар әлі күнге дейін түнеп, мінәжат етеді.

Отырар қалашығы І – ХVІІІ ғғ.

Отырар ауданы, Талапты ауылының оңтүстік шетінде, Арыс өзенінің Сырдарияға құяр тұсына жақын орналасқан. Қалашықтың келбеті Қазақстан мен Орта Азияның ортағасырлық ескерткіштерінің көпшілігіне тән. Цитадель мен шахристан биіктігі 18 м келетін бес бұрышты төбе түрінде. Төбенің аумағы – 20 га. Айналдыра қабырғамен қоршалған. Оның кей тұстары қазірдің өзінде 75-800 тік. Қабырғада мұнаралар болған, олар қабырғаның сыртына шығып тұрған дөңгелекше келген төбешіктер түрінде сақталған. Қабырғаның сыртында жайпақ сай түріндегі ор көрінеді, оның тереңдігі 2-3 м, ені 10-15 м. Қалаға үш қақпа арқылы кіретін болған. Екеуі бір-біріне қарама-қарсы, оңтүстік және солтүстік-шығыс қабырғада, үшіншісі батыс қабырғаның ортасында орналасқан.

Созақ қалашығы Х-ХVІІІ ғғ.

Орналасқан жері: Отырар ауданы, Маяқұм ауылының солтүстігінде 9,5 км қашықтықта, Ақжар деген жерде орналасқан. Сырдария өзеніндегі өткел қасында орналасқан. Зерттелуі: 1900 жылы Н.В.Руднев қазба жүргізіп зерттеген. 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам), 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.А.Ақышев, К.М.Байпақов) зерттеген. Қысқаша анықтамасы: Ғылыми әдебиетте Оқсыз Әбу Насыр әл-Фараби туған ортағасырлық Весидж қаласы деп есептеледі. ХІІІ ғасырда қала Зернук деген басқа атпен белгілі болған. Сырдария өзеніндегі өткел қасында орналасқан. ХІІІ ғасыр ортасында Зернук қаласы армян патшасы Гетум саяхатының сипаттамасында аталады.

Дәуіттөбе қалашығы (Есім хан ордасы)

Төлеби ауданы, Қасқасу а/ә қарасты, Кеңесарық ауылындағы Сайрамсу өзені жағасында орналасқан.

Ханқорған қалашығы, VІІІ-ХІІ-ХVІІІ ғғ.

Орналасқан жері: Сайрам ауданы, Мәдени ауылынан 0,5 шақырым батыста орналасқан. Қысқаша анықтамасы: Археологтардың пікірінше, ол ҮІ-ҮІІІ ғасырларда пайда болған. Оңтүстік Қазақстан қалалары, Орта Азия қалалары секілді үш бөліктен тұрады – ішкі қамал (цитадель); шахристан (дуалмен бекіндірілген қала) және рабад (қала төңірегіндегі сауда-қолөнер орны).

Үкаш ата кесенесі мен құдығы, ІХ-Х ғғ.

Аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың сахабасы екен. Оны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жер асты өзен арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді».Сонымен жоғарыда келтірген деректерді талдай келіп мынадай қорытынды алуға болады. Үкаша сахаба біздің даламызға Ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. Шығу тегі жағынан Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бірқатарда тұрады. Ал Кеңестік дәуірде халықтың тарихи санасында Ғакаша сахаба есімі ұмытылып, Үкаша ата, Үкаша әулие есімімен сақталып отыр.«Үкаш-ата» туралы  халық арасында аңыз-әфсаналарда хз.Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың сақабасы, мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған.Укаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі  4,5 метр, биіктігі 3,5 метр. Ал құдықтың тереңдігі 22-25м құрайды. Осы құдықтың басында барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зиаратқа ағылып келіп жатады.

Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі, ХІХ ғ. соңы — ХХ ғ. басы

Созақ ауданы, Құмкент ауылының маңындағы Жылыбұлақ деген жерде орналасқан. Баба түкті Шашты Әзіз — қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне, мұсылмандар арасында әулие саналған.  Аңыздарда Баба түкті Шашты Әзіздің есімі Орта Азия, Қазақстан жеріне Ислам дінін уағыздаушы болып саналатын Ысқақ бабтың замандасы, үзеңгілес.

Ысқақ баб (Баба ата) кесенесі, ХІХ соңы

Орналасқан жері: Созақ ауданы,  Баба ата ауылының солтүстік шетінде, мазарат ішінде орналасқан. Қысқаша анықтамасы: Баба Ата (Ысқақ баб) Түркістан өлкесіндегі беделді дін иелерінің бірі болған. Оның қабірінің басындағы құлаған көне мазарының орнына ХІХ ғасырда жаңа кесене салынған. Жалпы көлемі – 21х13 метр. Төбесі екі күмбезді кірпіштен өріліп жабылған. Ішкі бөлмелері гипспен сыланып,  қабырғасы михрабпен безендірілген. Ел, Ұлы ғұламалығын қадірлеп, дін қақпасы атандырған – Ысқақ Баб, әулиелердің сұлтаны атанған Құл Қожа Ахмет Ясауидің сегізінші бабасы.

Гауһар ана кесенесі, XIIXIV ғғ.

Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан-Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Ел арасындағы әңгімелер мен тарихи деректерде Қожа Ахмет Иасауидің бір ұл, бір қызы болған. Ұлының ата – Ибраһим, қызының ата – Гауһар.Гауһар ана — Әлқожа атаның жұбайы болған. Кесене тұрған 8 гектар аймақ, айналасында жеміс ағаштар мен талдар өсіп тұрған ,бау — бақшалы алқап. Басында құдығы бар. Маңындаға бір шақырымдай жерде ыстықтығы 35-37 градустық, тереңдігі 1200 метрден шығып жатқан жер асты ыстық суы мен емдейтін сауықтыру профилакториясы орналасқан.

Бәйдібек би кесенесі

Бәйдібек Қарашаұлының Қарахан дәуірі үлгісіндегі Балабөген өзенінің биік жағалауында ежелден сақталған көне мазар күмбезінің орнына, жаңа үлгіде қайта салынды. Бәйдібек би кесенесі  құрылысына  Орта  Азия  мен  Оңтүстік  Қазақстанда  өндірілетін  таңдаулы  құрылыс  материалдары  —  Ташкент  зауыттарының  арнаулы  сары  кірпіші,  Нұратаның  ақшыл  мәрмәрі,  Тараз  бен  Қаратаудың  қызыл  граниттері,  Қошқарата  қатпарлы  тау жыныстарының  тақтатастары  пайдаланылған.  Бәйдібек  ата  кесенесін  салуға  Самарқанд,  Ташкент,  Сайрам,  Шымкент  шеберлері  қатысқан.Бәйдібек  кесенесінің  күмбезбен  көмкерілген  ғибадат  бөлмесіне  Қазақстан  Президенті  Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаев  ұлы  баба  рухына  арнап,  салмағы  6  тонна  бесік  мүсінді  ақ  мәрмәр  құлпытас  қойған.Бәйдібек баба 1356-1419 жылдары Қаратау өлкесінде өмір сүрген. Қазіргі Бәйдібек ата елді мекенінде дүниеден өткен. Үш жасында Бәйдібек ата-анасынан айрылып, жақын туыстарында тәрбиеленеді. Бәйдібек өзінің ақылы, тапқырлығы арқасында жалшылықтан, жоқшылықтан құтылып, ел қатарына қосылады. Бәйдібектің шешендік қасиетін жоғары бағалаған халық оны «би» етіп сайлайды. Халық арасында өзінің шешендігімен, даналығымен аты шығып, 1419 жылдың күзінде, 63 жасында, өзінің Балабөген қыстауында дүниеден өтеді.

Домалақ ана кесенесі

Шын есімі Нұрила – есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Ол 1378 ж Түркістан қаласында өмірге келген. Атасы Мақтым Ағзамның өсиетімен Домалақ ана он тоғыз жасында (1397) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, оған «Дихнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі қойған. «Дихнат мама» – парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Жарықшақ деген ұлы Жетісу өлкесінің ұлысбегі болған.1429 ж. Уәйіс хан қайтыс болып, әке тағына ұлы Есенбұға отырады. Сол күннен бастап Жарықшақ Есенбұға ханның бас уәзірі болады. Домалақ ана өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ері Бәйдібектің түсінде берген аяны бойынша, өздерінің ескі қонысы Қаратауға барып тұруға қамданып, жол шегеді. 1456 жылдың жиырма сегізінші мамырында көш Балабөген өзенінің жағасына жеткен кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша Домалақ ана сол жазыққа жерленеді. Басына тұрғызылған кесенесі бірнеше рет бұзылып, қайта өңделген. Бірінші рет, немересі Дулат Бұқарадан Абдулла Шери ұстаны алдырып 1456 жылы кесене там тұрғызған. 1957 жылы жаңартылған кесене де көп уақыт сақталмаған. 1996-1997 жылдары жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен белгілі сәулетші Сайын Назарбекұлының жобасы негізінде тұрғызылған. Жаңа кесененің салынуымен, кесене алғашқы көрінісінен түгел өзгеріске ұшыраған. Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақ таспен жаңадан 12 метр биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған.

Исмайл-ата сәулет кешені

Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында орналасқан. Сәулет кешені құрамына: Исмайл-ата, Жәбірейіл-ата, Қошқар-ата, Ысқақ-ата кесенелері, Мешіт, Шілдехана, Дарбаза кіреді. Кешенге 2006 жылы «Мәдени-мұра» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Исмайыл ата кесенесі Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылындағы ескі мазар ішінде орналасқан. Кесене бір күмбезді кірпіштен соғылған, күмбез үстінде жаңғақ ағашынан істелген діңгек орналасқан. Күмбездің жалпы көлемі 10х12 м., ішінен биіктігі 6 м.  2006 жылы “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Исмайыл ата түркі ғұламасы Қожа Ахмет Иасауидің Ибраһим деген інісінің ұлы екендігін парсының ұлы ақыны Əбдірахман Жəми өзінің «Нəсəимул-мухəббəт мин шəмəил-футууəт» атты шығармасында атап өтеді. Қ.А. Иасауи ілімін жалғастырушылардың бірі болған Исмайыл ата қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Тұрбат деген жерінде туған. Аңыз бойынша, бұл қауымның бірінші басшысы Ибраһим ата, оның Ысмайыл және Жәбірейіл есімді екі баласы болған. Исмайыл 20 жасқа толғанда қалмақ шапқыншылығы болып, жау оның ата-анасы мен бауыры Жәбірейілді өлтіреді. Ысмайыл тұтқынға түсіп, құл ретінде басқа діндегілердің малын бағады. Жас жігіттің көрсеткен ғажайыптары «қалмақтарды» ислам дінін қабылдауға мәжбүр етіп оны құлдықтан құтқарады. Дегенмен ол бірден отанына қайтпай, Яссауи тариқатының шайқы Сайид атаға барып, әкесінің сопылық қауымын басқаруға бата алады. Сөйтіп Исмайыл ата көшпенді далалықтар мен егіншілер арасында дін уағыздайды. Ол өмірінің соңына қарай көптеген ізбасарлар дайындап, құрмет пен даңққа бөленеді. Аңыз бойынша оның бейітінің басындағы кесене Темірдің нұсқауымен тұрғызылған.

Аппақ-Ишан сәулет кешені,  ХІХ ғ.

Орналасқан жері: Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орналасқан. Мешіт-медресе құрылысы 1840 жылдары бастау алып діни оқу орны ретінде 1927 жылға дейін қызмет еткен. Кешен құрылысына:  медресе,  мешіт,  дәрісхана кіреді. Алғашқы кезде көптің көмегімен  асарлатып осы мешіттің орнына қам кірпіштен шағын ғана мешіт тұрғызылған. Шаян ауылынан  мешіт-медресе ашылғанын естіген халық, жан-жақтан  ағыла бастайды.  Шағын мешітте шәкірт тәрбиелеу үшін кең бөлмелер қажет болғандықтан, Қосым ишанның  баласы Сейдахмет патша ағзамның шенеуніктеріне қайта-қайта барып жүріп, күйдірілген қыштан мешіт медресе тұрғызуға  150 рубль орыс ақшасын бөлдіріп, рұқсат алады. Сондай-ақ, жергілікті халықтың жинаған қаржысымен қоса мешіт-медресенің үш комплексті құрылысы басталып, бірнеше жылдарға созылған. Мешіт-медресе құрылысын Қосым баба бастап, баласы Сейдахмет жалғастырып, немересі Аппақ ишан аяқтаған.

Арыстан баб кесенесі, ХХ ғ.

Отырар ауданы, Қоғам ауылынан 3 шақырым солтүстік-батысында орналасқан. Кесене Қ.А. Яссауидің рухани ұстазы болған діни қайраткер Арыстан бабтың зиратына салынған. Аңыз бойынша Қожа Ахметке аманатын жеткізген Салман Фарси (Арыстан баб) дәм-тұзы таусылар шағында Яссауиді алдына шақырып алып, соңғы сөзін айтады: «Ей, балам, қасымда тұр. Мен өлейін. Жаназамды оқып көм, жан тәсілім қылайын. Медет берсе Мұстафа, ғарыш биігіне шығайын», – деп көз жұмып кетіпті. Арыстан баб дүниеден өткен соң оның денесін ақ бураға артып, еркіне жібереді де соңынан ілесіп жүреді. Ақ бура жүре-жүре бір жерге барып шөккен екен. Сол ақ бура шөккен жерге Салман Фарси – Арыстан баб жерленген екен. Кесененің алғашқы құрылысы XIV-XV ғасырларға жатады. Ол құрылыстан ойылған ағаш бағандар сақталған. ХVІІІ ғасырда жер сілкінісі нәтижесінде кесене қирап, 1909 жылы қайта салынған. 1971 жылы жерасты суларының әсерінен кесене жарамсыз болып бұзылып, жергілікті тұрғындардың қаржысына қайтадан салынған. Өңіріміздегі туристтік маңызы зор орын.

Қарабура әулие кесенесі, ХІХ ғ.

Созақ ауданы, Созақ ауылының орталық бөлігінде орналасқан. Қарабура әулие жөнінде жазба деректерден гөрі біздің заманымызға ауызша аңыздардың жеткені басым. Көпшілік зерттеушілердің пікірінше, Қарабура әулие – Қожа Ахмет Ясауидің замандасы болған. Аңыз деректеріне қарағанда, Қарабура «Түйем шөккен жерде дүниеден өтіп, жерленемін», деген екен. Түйесі Созақ жеріне келген уақытта шөгіп, осы жерге Қарабура қолындағы асасын қадап, дүниеден озыпты» деседі.Алғашқыда әулиеге салынған кесене жоспарда төртбұрышты,  ішкі жағынан ені 4 м., биіктігі 4 м. болған. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлердің қолдауымен  әулиенің басына жаңа кесене тұрғызылған. ХІХ ғ. Салынған кесене жаңа кесененің ішінде сақталған. Аңыз-әңгімеде Қарабураның есімі – Бұхарназар делінеді. Жауға қарсы шапқанда Қарабурасына мінеді екен. Сондықтан Қарабура атанса керек. Осыдан-ақ Қарабура бабаның тұлғасы зор, тұрқы биік кісі болғанын байқауға болады. Өзбектер оны Бұхарахан деп те атайды. Қарабура Қарахан мемлекетінің ханы болған  деген де дерек бар.Ел аузында тағы бір деректе Қарабура әулиені Арыстан бабтың дарынды шәкірттерінің бірі болған деседі.

Есімхан кесенесі, ХVІІ ғ.

Кесене Қазақ хандығының ханы Есім ханның қабірінің басына тұрғызылған. Кесене қирап, бұзылған қалпында ғана жеткен. Ол 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында қираса керек. Кесене күйдірілген кірпіштен төртбұрышты (9х9 м) етіліп өрілген. Негізгі қасбеті портал түрінде болып келеді. Қасбеттері жылтыр қалақтаспен геометриялық ою-өрнектер түрінде әшекейленген. Оңтүстік-шығыс жағында кесенеге кіретін есік бар. Сақталған қабырғасының енінің 1,2 м болуы да биік күмбезді көтеруге шыдайтындығын көрсетеді. Еденіне төртбұрышты күйдірілген кірпіш төселген. Кесененің сақталған бөлігі 2000 жылы қайта жөнделді.

Хақназар хан кесенесі 

Созақ ауданында орналасқан.

Таңбалы тас, б.з.д. 5 мыңжылдықтар – б.з. ХVІІ ғ.

Тайқоңыр ауылынан 100 шақырым солтүстікке қарай Бетпақ шөлдегі Нұра деген жерде, Сарысу өзенінің оң жағында 20 шақырым жерде орналасқан.

Мұндағы тас өте жұмсақ болғандықтан, жазуға да сондай қолайлы. Көне дәуірден келе жатқан Таңбалы тас жазуында ғасырлар бойы Қазақстан өлкесін қоныстанған тайпалардың тасқа жазып түсірген мыңдаған танбалары және ел басқарушылардың қол қойған аттары, ұрандар, тасқа қиып түсірген едемі өрнектер, «қошқармүйіз », «түйе табан», «кісінің ізі», « аттың ізі» т. б. таңбалар көптеп кездеседі. Мұндай қалың жазулармен таңбалардың тұрған жерін қазақтар ерте заманнан бері қарай «Таңбалы тас», «Таңбалы жар » немесе «Таңбалы Нұра» деп атаған. Жартасқа түсірілген таңбалардың ең көнесі шамамен XI ғасырдан басталады да, XIX ғ асырға дейін жалғасады. Таңбалы тастың зор атаққа ие болу себебі бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бірел болып қосылған жері. Сондықтан бұл Таңбалы тасты алғаш ашқан ғалымдар «тарихтың зор куәлігі » деп атаған ( А . И. Шренк ). Ол таңбалар Орхон -Енисей жазба есқерткіштері таңбаларымен еңдес белгілер болып табылады. «Біз бұл таңбалы тастан Сібірдегі қия тасқа түсірілген жазу үлгілері сияқты белгілерді табуға үміттендік, ол үмітіміз босқа кетпеді . Ондағы орхон жазуына ұқсас алфавиттен бірнешеуін түсіріп алдық» деп жазады ғалым А. И. Шренк. Бетпақдаланы зерделей зерттеген атақты инженер Ю . Шмидтің бақылауынша Таңбалы тас қазақтың жантәнімен ардақтайтын бір киелі тасы. Ел аузындағы кене деректерде Таңбалы таста XVIII ғасырда , дәлірек айтқанда 1710 жылында жоңғарларға қарсы соғыста үш жүздің баласы басқосып үлкен жиын еткізген. Бұл жиыңда Таңбалы тасқа әр рудың таңбалары басылып, басылғантаң бақұрым киізге ойылып таратылған, сонда қай ру таңбасы артық қалса, сол әскер келмегендігін білдірген. Сондай — ақ бұл жерде кектемгі уақытта үш жүздің баласы бас қосып , таңбаларын алып, жаз жайлау, қыс қыстауларын белгілеп жер белісіп отырған.

«Бірлік» (Ордабасы) монументі, 1997 ж.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін көп уақыт өтпей–ақ елімізде бұрынғы ұмытылған жайлар аталып өтіле бастады. Соның бірі Ордабасы тауында Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді еске алу күндерінің өтуі болатын. Сонда еліміздің барлық жерінен жиналған өкілдер алдында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев аса бір мақтанышпен, сондай бір тебіреніспен сол бір 1726 жылғы осы жердегі кездесудің маңызына ерекше тоқталып өткен болатын. 1723 жылдың көктемінде шығысымыздан тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлар жолындағы ауылдарды қырып-жойып Түркістанға бірақ жеткенде қазақтар “Елім – ай” — деп зарлап шыға келген. Тарыдай шашырап кеткен қазақтарды біріктіріп, басқыншы жауға тойтарыс беруде осы Ордабасыда өткен кездесу маңызды болды. Бірлік пен ынтымақ қай кезеңде болмасын керек ол өзінің тарихи мәнін жойған емес.«Бірлік» монументі қазақ елі үшін береке-бірліктің бастауы іспетті.  Бұл ескерткішке зиярат етушілер Жаратушы Құдіреттен: «Еліме, жұртыма, әулетіме, отбасыма береке-бірлік бер, заманымыз тыныш болсын, өміріміз бейбіт болсын», – деген тілек тілеп барады.Оның куәсі міне осы Ордабасы тауындағы Бірлік монументі XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ халқының бір орталыққа бірігуінің ұйытқысы болған Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді еске алу үшін орнатылған. Ескерткішке “Бірлік ” деген атау берілді. «Бірлік» ескерткіші кең мағыналы, кең тынысты монументалды композиция, ол үш бұрыштан, үш бұрышы үш бидің асқақ тұлғаларын бейнелейді. Үш қырлы стела ақ мәрмәрден жасалған тақталармен қапталған. Оның әр қыры Қазақстанның әр шетіне бағытталған сияқты: Сырдария жағына – батыста, Қаратау тауларына – солтүстікте, Қазығұрт тауларына — оңтүстік-шығыста. Стелланың әр қырында үш ұлы бидің айтқан сөздері жазылған тақтайшалар бар.  1997 жылы 19 қыркүйекте монументтің құрылыс жұмыстары аяқталып, ашу салтанатына Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысты.Ескерткіштің биіктігі 28 метр, негізгі ені 8 метр. Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланды. Бұл жиын-қазақ елі тарихындағы аса ауыр сын кезінде, халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға бір­тұтас ел болып аттанудың тағдырын шеш­кен аса маңызды оқиға болып саналады. Осы кезден бастап-ақ, ол киелі, әулиелі жер саналып келеді.

Алдыңғы ақпарат

Үкімет Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай 500-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлауда

Келесі ақпарат

Мәдениет және спорт министрі Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді