Түркістан қаласындағы ерікті жастар Сауран қалашығындағы тазалық жұмыстарына үлес қосты

Бүгін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері менТүркістан қаласындағы ерікті жастар ортағасырлық Сауран қалашығында сенбілік жұмыстарын жүргізді.

«Birgemiz» жалпыұлттық жобасының Асыл мұра және Таза әлем қозғалыстары аясында ежелгі Сауран қаласын қалпына келтіру мақсатында волонтер жастардың жеңіп алған гранты бойынша тарихи нысанның жай-күйі, тыныс-тіршілігімен танысуға келген 20-ға жуық ерікті жастар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Дәулетияр Адеевтің экскурсиясына қатысып, тарихқа бай өлкенің өткенімен таныса жүріп тарихи қала орнындағы тазалық жұмыстарына белсене үлес қосты.

Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 46 шақырым жерде орналасқан, республикалық маңызы бар ескерткіш саналатын Сауран қалашығы  Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. XIII ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. XVI ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді – жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сауран XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында әлсіреп, XIX ғасырдың басында біржолата күйреген.

Қазіргі таңда тарихи қала қорған қамалмен қоршалған. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қамалының ұзындығы — 2 360 метрді құрайды. Қамалдың сыртында тереңдігі 1-3 метр, ені 15-20 метр болатын ор іздері сақталған. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VII – XVIII ғасырларға жататынын дәлелдейді.

Айта кетсек, 2020 — волонтерлар жылына орай, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Қадырұлы Түркістан облысы және қала әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының басшыларымен меморандумға қол қойғанын хабарлаған болатынбыз.

Бірлескен келісімнің нәтижесінде жастар мен еріктілерге туризм, музей ісі және мәдени-көпшілік шараларға қатысуға, гид ретінде танытуға мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар, семинар, лекция, форумдар, қайырымдылық акциялары мен кездесулерге ерікті түрде қатысып, аталған сала бойынша тегін оқыту курстарына да қатыса алады.

Тарихи орындарда жүргізіліп жатқан археологиялық қазбалар мен қайта жаңғырту, өзге де жұмыстарға ерікті жастарды көптеп тарта отырып, музей ісін жастар бойына терең сіңіру жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

Алдыңғы ақпарат

КӨШКІНШІ ХАН ӘБІЛХАЙЫРҰЛЫ

Келесі ақпарат

«Біз Абайды насихаттауды жалғастыра береміз» – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова