Сидақ ата қалашығы, І-VІІІ ғғ.

Түркістан қаласынан батыста 20 шақырым, Шымкент-Қызылорда автомобиль жолының сол жағында 2 шақырым жерде орналасқан.

Қала б.з.д. І-ші ғасырда Ұлы Жібек жолы бойындағы бекініс (форпост) түрінде пайда болып, б.з. ІV-ші ғасырында Қангүй мемлекетінің ірі қалаларының біріне айналады. Қангүй мемлекетінің  халқы зорастризм дінін ұстағандықтан V-VІІғғ. қала осы аймақтағы ең ірі діни орталықтардың біріне айналып, көптеген ғибадатханалар салынады. VІІІғ. екінші жартысында (775-777) болған араб шапқыншылығы кезінде қала үлкен өртке ұшырап халқы тастап шығады. Қала тұрғындары Қос мезгіл елді мекеніне және Қаратауға көшіп қонған.

Қалашықтың өлшемдері СБ-260м, СШ-120м, Б-100м, Ш-130м, ОБ-180 және ОШ-260м. Цитадель және оңтүстік бөлігінде алаңы бар екі деңгейлі  төбе. Одан бөлек солтүстік бетіндегі рабадын  терең сай бөліп жатыр. Қалашықтың солтүстік рабадымен қоса есептегендегі жалпы ауданы 7,7га, шахарістаны 6,2га, цитаделі 1,4га. Цитаделге кіретін жол оңтүстік бетінен шығарылған. 1946-1951жж Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам) зерттеу жүргізген. А.Н.Бернштам зерттеуді қорытындылай келе қаланы б.з.д. І мыңжылдықтың соңынан б.з І мыңжылдығының басы аралығымен мерзімдеген. 1966 жылы қаланы Хорезм АЭ (С.П.Толстов) зерттеп І-Vғғ. мерзімдеген. 1960 жылғы «Қазақстан Археологиясының картасында» қалашық «Садық ата» деген атаумен аталып, І-ІХғғ аралығымен даталанған. Түркістан археологиялық экспедициясы (Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев, А.Ержігітова)  2002-2004жж аралығында зерттеуді қайта жалғастырып қаланың І-VІІІғғ арасында өмір сүргендігін нақты дәлелдеді.

Алдыңғы ақпарат

Меңдуана ата кесенесі, ХVІІІ-ХІХ ғғ.

Келесі ақпарат

Цитадель қамал қабырғасы, ХVІ-ХІХ ғғ.