«ШІЛДЕХАНА» ЕСКЕРТКІШІ ЖАЙЫНДА

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің құрамындағы «Шілдехана», XII-XIVғғ. республикалық мәртебеге ие ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің солтүстік-батыс бетінен 22 метр қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚17.864΄, 068˚16.220΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 219м. «Шілдехана» сөзінің түбірі парсының «чеһел» қырық деген сөзінен, ал «хана» сөзі тұрақ үй, деген мағына беріп, қырық күн тұратын үй екендігін білдіріледі. Бұл турасында хазіретті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар: «Кімде-кім 40 күні мен түнін шынайы ықылас-ниетімен Алла разылығы үшін құлшылық-ғибадат жасап өткізсе, Алла тағала оның жүрегінен тіліне қарай даналықтың бұлағын ағызады» деген өсиет қалдырған. Пайғамбар өсиетін онындау үшін Қожа Ахмет Ясауидің мұрагерлері кезінде Құдайға оңаша, жеке құлшылық жасайтын ғұрыптық құрылыстар салған. Кезінде толығымен бұзылған діни-сәулеттік құрылыс 1980 жылдары қайта қалпына келтірілген. Құрылыс тік төрт бұрышты болып жартылай жер астына ХІІ-ХІV ғасырларда діни әдет-ғұрыптарды орындау үшін арнайы салынған. Жобада ғимарат тікбұрышты, кесене ғимаратына қарсы орналасқан. Гипспен сыланған, едендерінде гипстелген сылақтың іздері бар. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.10 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.

Алдыңғы ақпарат

ЦИТАДЕЛЬ ҚАҚПАСЫ

Келесі ақпарат

ШЫҒЫС МОНШАСЫ, ХVІ Ғ.