Сәдуақас ата мазары, ХІІ ғ.

Түркістан қаласынан солт.батысқа қарай 44 шақырым жерде Кентау қаласына қарасты Жібек жолы ауылдық округі аумағы, көне Қаратөбе археологиялық ескерткішінің оңтүстік-шығыс бетінде 300 метр жерде орналасқан. Заманында қандай болғаны белгісіз, ал қазір тек құлпытасы ғана сақталған. Құлпытасы күйген кірпіштен қаланған. Айналасы темір шарбақпен қоршалған, құдығы бар, күтімді жер. Құлпытасының ұзындығы – 10,2  метр, ені – 1,6 метр, биіктігі – 1,5 метр. Қабірінің ұзындығы 10,2 метр, ені 1,7 метр. Маңында көне шикі кірпіштен сақталынып қалған дуалдар бар. Сәдуақас ата жайлы деректер өте аз, дегенмен, Әмір Темірдің вакуфтық қолхатында «Хазрати Сағди Уаққас» деген атпен кездеседі. Сәдуақас ата жайында екі түрлі аңыз бар. Бірінде ол Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сахабасы, яғни көзін көрген сенімді әскер басы делінсе, екіншісінде Әзірет Сұлтанның ұрпағы деп көрсетілген.

Сәдуақас ата туралы деректер аз. О.Дастановтың «Әулиелі жерлер туралы шындық» атты кітабында ғана кішігірім мәлімет кездеседі. Сәдуақас ата туралы екінші деректі «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің археологы, ғалым, т.ғ.к М.Тұяқбаевтың «Ұмыт қалған әулиелер» атты мақаласынан кездестіреміз. Мақала да Әмір Темірдің Түркістан өңіріндегі жерлерді өзі құрған үш қорға мәңгілікке бөліп бергендігі, түсетін түсімді қалай бөлу керек екендігі және бұл қорларды кім басқаратыны жайлы айтылады. Жоғарыда айтылған қордың үшіншісі Алла жарылқағыр ұлы Әзірет Сағди Уаққас қорына тиесілі болғандығын көрсетеді.

Алдыңғы ақпарат

Цитадель қамал қабырғасы, ХVІ-ХІХ ғғ.

Келесі ақпарат

Өзбекстандық кино мамандары Қожа Ахмет Ясауи жайлы фильм түсіруде