«ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫ МЕН ІЛІМІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫ

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция 2007 жылдың 15–16 қарашасында Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығына қарасты кіші конференция залында ұйымдастырылды. Конференцияға республикамыздағы тарих, филология, философия, шығыстану, мәдениеттану салаларының ғалымдары мен ясауитанушылар, тарихи-мәдени мұраларды қорғау мамандары, қорық-музейлер және ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары қатысады. Конференция тақырыбының негізгі бағыттары: Қожа Ахмет Ясауи және түркі тарихы, Қожа Ахмет Ясауи және түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениеті, Қожа Ахмет Ясауи және сопылық дүниетаным, Қожа Ахмет Ясауи мұраларының зерттелуі болды. Конференцияға елімізге танымал ғалымдар филол. ғ. д, профессор М. Мырзахметұлы, филол. ғ. к., профессор М. Жармұхамедұлы, филол. ғ. д., профессор Д. Сәрсенбі, филол. ғ. д., профессор Н. Сағындықова, филол. ғ. д., профессор И. Жеменей, филол. ғ. д., профессор А. Жақсылықов, филол.ғ.к., профессор А. Ахметбек, т.ғ.к. Н. Нұртазина, филос. ғ. д., профессор Д. Кенжетай, т. ғ. к., доцент З. Жандарбек сынды белгілі ясауитанушы мамандар қатысты. 2008 жылы конференция халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Оған АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Украина, Түркия, Кипр, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және еліміздің әр өңірінен белгілі ғалымдар қатысты. Конференция 10 (он) мәрте ұйымдастырылып, оған Ресей Федерациясынан Альфия Сигбатуллина (2008), АҚШ мемлекетінен ясауитанушы ғалым Девин Девис (2012), Ұлыбританиядан Джонатан Трапман (2016), Түркия Республикасынан Хакан Қызыларслан (2018), Әзірбайжан Республикасынан Метанат Гурбанова (2018), Өзбекстан Республикасынан Шахистохон Улжабаева (2018) сынды т.б. қатысты.

Алдыңғы ақпарат

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі мен Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі арасында меморандум жасалды

Келесі ақпарат

«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» көрмесі ашылды