Қорық-музей мамандары ортағасырлық қабірхана есігінің реставрация жұмысына қатысуда

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Алматы қаласындағы «Қырым аралы» ғылыми-реставрациялық зертханасымен танысып, тәжірибе алмасуда.

Қорық-музейдегі жәдігерлердің күтіп, сақталуына жауапты қор сақтаушы Дәулетияр Адиев және суретші-реставраторлар Еділ Муташев пен Нұржан Таджибаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қабірхана бөлмесіндегі ортағасырлық есікті реставрация жасау жұмыстарына қатысты.

-«Есіктің реставрация, консервация жұмыстары жәдігердің зақымдалу дәрежесіне қарай бес немесе алты кезеңнен тұрады. Нақты қанша кезеңнен тұратынын тап басып, ешкім айта алмайды. Ең бірінші кезеңі кір,топырақ, тағы да басқа есіктің негізгі құрамынан бөлек зиянды заттардан тазалау жұмыстары көп»,-дейді реставрация маманы Қырым Алтынбеков.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ең құнды жәдігерін төл қалпына келтіру жұмысына қатысып жатқан қорық-музей қызметкерлері қызықты жағдаймен бөлісті.

-» Есіктегі темір құрсауларды арнайы сұйықтықпен тазарту барысында тот астынан алтын, күміспен жазылған жазулар мен өрнектер көріне бастады. Тарихи жазуларға зақым келмесі үшін Қырым аға өзі сағаттап жұмыс жасап жатыр. Бұл сәт-біз үшін, қорық-музей үшін тарихи сәт. Себебі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қабірхана есігі ортағасырдан жеткен ұлы мұра. Ғасырлар бейнесін көрген ағаш жәдігер өзінің төл қалпынан айнып, биологиялық қартаю процесіне ене бастапты. Ағаштың бетін жауып қалған көп ғасырлық ластанудан бөлек бір кездері бүлінген өрнектерді бекіту үшін олардың орны белгісіз мастикамен толтырылған екен. Жәдігеріміз қаншама ғасырлық бейнесіне оралып келе жатқаны қуантты»,-дейді «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қор сақтаушысы Дәулетияр Әдиев.

Алматы қаласындағы іссапар барысында ағаш, металл, қағаз түріндегі түрлі мұраларды реставрация жасау, сақтау мәселелері бойынша да тағылымдама жүргізілетін болады. Білікті мамандардан кеңес алып, шеберлікті шыңдау тарихи мұраларды болашаққа бүлдірмей аманаттау ісінде жан-жақты тәжірибеге ерекше ықпал етеді деп күтілуде.

Алдыңғы ақпарат

КУББА. ХІХ ғ.

Келесі ақпарат

Түркістан қаласында «Тәуелсіздік және Түркістан тарихы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті