Музей қорындағы Австро-Венргия корольдігінің алтын дукаты

Монета. Алтын. Австрия-Венгрияның 4 дукат құндылығындағы ақшасы. 1913 жылы Австро-Венгрия корольдігінің Münze Österreich (Австрия ақша сарайы) ақша сарайында соғылған. Сақталу жағдайы орташа. Тиынның бедер іздерінің орналастырылуына қарай жоғарғы бөлігіне әшекей ретінде пайдалану үшін мыс сымнан екі ілмек жапсырылған. Ілмектер жапсырылған тұстағы бедерлер жойылып кеткен.

Тиынның метрологиясы: d: 40-40 мм. W.g.: 13,950. Метрологиялық көрсеткіштері сипатталып отырған дукаттың 4 дукат құндылығындағы монета екендігін көрсетіп отыр.

Аверсінде: Тиын шеңберінің жоғарғы жағында мыс сымнан жасалған ілмек жабысқан. Ілмек жабысқан тұстағы бедерлер жойылып кеткен. Тиын жиегін бойлай шеңбер сызық кант пен оның астын ала шеңберлете нүктелерден тұратын жиектемесі бар. Ортадағы тиын алаңын түгел ала Австро-Венгрияның 1848 жылдан 1916 жылға дейін императоры болған Франц Иосиф I-нің (1830-1916 жж.) профильдік бейнесі түсірілген. Бейнені айналдыра тиын жиегін бойлай «FRANC •IOS •I •D •G •AVSTRIAE IMPERATOR» жазбасы түсірілген.

Реверсінде аверсіндегідей жиектеме ішіндегі тиын алаңында Австрия империясының гербі, оны айналдыра «HVNGAR •BOHEM • GAL. (4) • LOD •ILL •REX A •A •1913 жазбасы түсірілген.

Австрия-Венгрия дукаттары XVI ғасырдан ХХ ғасырға дейінгі аралықта соғылып отырды. Австрия дукаттарының аверсінде Император бейнесі, реверсінде Габсбургтер әулетінің гербі — екі басты самұрық бейнелі герб бейнесі түсіріліп отырған.

Дукат сөзі латын тіліндегі Dux-герцог деген мағына беретін сөзден шыққан. Австрия дукаттары 986/1000 сынамындағы «Dukatengold» деген атпен белгілі алтыннан соғылып отырған. Дукаттар айналымға диаметрі 19,75 мм, салмағы 3,44 грамды құрайтын 1 дукат және диаметрі 39,5 мм., салмағы 13,77 грамды құрайтын 4-тік дукаттар түрінде жіберіліп отырды. Сипаттама беріліп отырған дукат – 4-тік дукат құндылығындағы алтын ақша.

Австро-Венгрияның 4 дукат құндылығындағы ақшалары 0,443 троя унциясы салмағында, яғни 4 дукаттық әр монета, салмағы 0,443 унция – 13,78 г. алтыннан соғылып, алғашқыда, Австрия ақша сарайында (Münze Österreich) 1892 жылдан бастап, империя тарағанға дейінгі аралықта Австро-Венгрияның ендірген алтын стандартының бөлігі ретінде ұсынылған.

Жәдігер 2006 жылы 24 қаңтарда Түркістан қаласы, Фитрат көшесі, №20 үйдің тұрғыны Г.Б.Гафурова тарапынан музей қорына өткізілген.

Алдыңғы ақпарат

Сапарбай болыс кім болған?

Келесі ақпарат

Әулие көрсеткен керемет аян