МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ТАРИХИ ОРЫНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Отырар ауданы және Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді. Нұрғиса Мұратұлы киелі, рухани ордаға жасаған сапары барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Сапар орталығы, Қожа Ахмет Ясауи музейінің құрылыс жұмыстары және Күлтөбе қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары мен Күлтөбе қалашығының цитаделімен танысты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Түркістан қаласындағы тарихи — мәдени орындарды зерттеу және қайта қалпына келтіре отырып туристер назарына ұсыну мақсатында қолға алған жобасын Қазақ ғылыми зерттеу мәдениет институты жүргізіп жатқаны белгілі. Жыл басынан бері қазақ және қоқан хандығы дәуіріндегі қабаттарды терең зерттеген археологтар тарихи іздену жұмысын үш жыл бойы жалғастырады.

-«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты 27 гектар аумақ 3 жылға бөліп қарастырылған. Биылғы жылы 9 гектар жерді анықтауымыз тиіс. Қазақ, қоқан хандығы тұсындағы үйлердің орны және қаңлы, түргеш қағанатына тиісті көптеген жәдігерлер анықталуда»,- деді археолог Серік Ақылбек.

Ендіні кезекте ортағасырлық Күлтөбе қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру бағытында консервация және реставрация жұмыстары қарқын алмақ.

Аталған орындарды аралап, жұмысшылармен тілдескен вице-министр Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, бабалар рухына тағзым жасады.

Сонымен қатар, кесене күмбезін қайта жаңарту, үлкен ақсарай бөлмесін жабдықтау жұмыстарымен танысып, шығыс моншасы және ортағасырлық Сауран қалашығын аралады.

ХІІІ-ХVІІІ ғасырларға тән Сауран қалашығы — «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК құрамындағы Республикалық маңызы бар ескерткіш. Ортағасырлық Сауран қаласы Түркістан қаласынан солтүстік — батысқа қарай 46 км жерде орналасқан. Қазіргі таңда Сауран қаласы солтүстіктен оңтүстікке қарай 850 метр, шығыстан батысқа қарай 660 метр созылып жатқан қорған қамалмен қоршалған. Қамалдың сақталған қабырғаларының биіктігі кей жерлерде 3 — 6 метрге дейін жетеді. Оған солтүстік және шығыс беттегі екі қақпа арқылы енуге болады. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қорған қамалының ұзындығы – 2360метр. Қамал қабырғалары 2-3 метрлік едені кесектен және пахсадан тұрғызылған. Ең биік мұнарасы солтүстік бұрышында биіктігі 6метр. Қамалдың сыртында тереңдігі 1-3 метр, ені 15-20 метр болатын ор іздері бар.

Тарихи төл іздері сақталған көне қаланың орны және қайта жаңарту жұмыстарымен танысқан Нұрғиса Мұратұлы туристерге қолайлы жағдай жасап, қаншама ғасырлардан бері берік қалпынан айнымай ғасырлар сырын паш етіп тұрған ғимараттар орны мен қамал және жәдігерлерді жандандыру бойынша тиісті жұмыстар қолға алынатынын жеткізді.

Айта кетсек, ортағасырлық Сауран қалашығында Сапар орталығы бой көтермек. Еліміздің түкпір — түкпірінен келген азаматтар мен алыс — жақын шетелден келген туристерге төл тарихымызды таныстырып, бірнеше тілде ақпарат беру үшін арнайы мамандар және күзет бөлімін іске қосу жоспарлануда.

Алдыңғы ақпарат

Мәдениет және спорт министрі Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді

Келесі ақпарат

Белгісіз сағана, ХVІ-ХVІІ ғғ.