• 30 Қыркүйек 2020

Әлқожа ата кесенесі, ХІІ-ХV ғғ.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 шақырым жерде Ә.Тұтқабаев көшесінің бойында орналасқан. Қабірхана, жамағатхана және бастырмадан тұратын ескерткіш күйген кірпіштен қаланған. Бұл бөлмелер күмбезделіп жабылып, төрт жағынан терезе ойықтары орнатылған. Бастырмасы айнала төрт қырланып кірпіштен өрілген.

1997-1999 жылдар аралығында өзінің сәулеттік ерекшеліктері толық сақталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Ел аузындағы аңыз-әпсаналарда Әлқожа атаның Қожа Ахмет Ясауидің күйеу баласы, яғни Гауһар ананың күйеуі болғандығы айтылады. Сондай аңыздардың бірінде кезінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең жақын досы, сенімді серігі, ізбасары, ислам дінінің ең ардақты тұлғаларының бірі — Әбу Бәкір Сыддық деген кісі болған. Халық Әбу Бәкірді «Сыддық» деп атаған. Әбу Бәкірдің ұрпағы Әбуләйіс қожаның екі ұлы болған екен. Олардың бірі – Жақып қожа, екіншісі — Әбдімәлік қожа. Самарқандта білім алған ағайынды Жақып пен Әбдімәлік Түркістан қаласына келгеннен кейін ағасы Сыр бойының төменгі жағына қарай бет алып, Өзген қаласына қоныстанған. Ал, Әбдімәлік ата Түркістанда қалады. Әбдімәлік ата Қожа Ахмет Ясауи медресесінде қызмет еткен, Қожа Ахмет Ясауимен бірге қажылыққа барған екен. Өз кезеңінде Әбдімәлік ата Түркістан өңірінде ірі тұлға саналған. Оның ислам діні үшін сіңірген еңбегін Ахмет Ясауи де өте жоғары бағалаған. Онымен құда болып, Әбдімәліктің баласы Әлиқожаға (Әлқожа) қызы Гауһарды қосқан. Әлқожа Ата Қожа Ахмет Ясауидің сүйікті шәкіртінің бірі болған екен. Оның бойында емшілік қасиет болған деседі. Айтылған аңыздарға сенсек, сол заманда кесененің жоғарғы жағында орналасқан көктастан су тамшылайды екен. Сол су төменде орналасқан екінші көктастың үстіне тамшылап тұратын болыпты. Соған жиналған суды адамдар келіп еңкейіп ішкен екен. Себебі оның өзіндік емдік қасиеттері болған көрінеді. Көктастың жоғарғы жағында кесе тәріздес ойық бар. Ел арасында соның ішіне жиналған суын ішкен адам бүкіл дертінен айығып кетеді деген пікір қалыптасқан. Бүгінде Әлқожа ата кесенесі қайта жөндеуден өткен. Ал, көктас қазіргі таңда кесене алдына шығарылған. Ал кесене төбесінен су ташылап тұратын көктастың қайда екендігі белгісіз. Жаугершілік замандарда кесене қирап, көктас жоғалып кетіпті.

Әлқожа ата кесенесі бірнеше жыл бұрын адам аяғы баспайтын, қараусыз жатқан жер болатын. Бүгінде кесене көпшілікке намаз оқу үшін қайта ашылып, қазір жергілікті тұрғындар үшін мешіттің де рөлін атқаруда. 2016 жылы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің бастамасымен кесене алдындағы жер тегістеліп, бау-бақшасы ретке келтірілді. Кесенеге келуші туристерге арналған жолдарға тас төселіп, жарық шамдар мен арнайы орындықтар орнатылды. Алдағы уақытта үлкен мәдени туристік нысанға айналдырылмақ.

Алдыңғы ақпарат

Ақтоты Райымқұлова музей қызметкерлерін құттықтады

Келесі ақпарат

Үкаша ата мазары мен құдығы, ІХ-Х ғғ.