Күлтөбе-Оранғай қаласы, XV-XVIII ғғ.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты археологиялық ескерткіш. Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылының орталығында орналасқан. 1864 жылы Ресей отарлауына дейін Қоқан әмірлігінің қол астында болған Түркістан маңындағы қалашықтар әскери бекініс қызыметін де атқарған, халық олардың айналасын қоршай орналасқанымен қала ішінде де тұрғындар өмір сүріп, қамал-қорған қабырғалары сақталған. Қала орыстардың қол астына өткен соң ғана халық қаланы тастап шығып, оның айналасы ешбір қорғансыз үлкен қонысқа айналып кеткен.

Қаланың көлемі үлкен болмағанымен XV-XVIII ғғ.  аралығында экономикалық орталық ретінде қызмет еткеніне одан табылған 1000-нан аса мыс тиыннан тұратын ақша көмбесі куә. Қаланың жоспары тік төрт бұрыш болып келуі оны салғанда арнайы мамандар қатыстырылғанын көрсетеді. Цитадель іргесіне тастан ірге тас қалануы да бұл елді мекеннің стихиялық түрде қалыптаспағанын, алдын ала таңдалған жерге арнайы маман-сәулетші, құрылысшылар қатыстырылып салынғанына дәлел бола алады. Қаланың солтүстік бетінде түсірілген стратиграфиялық шруф ең төменгі құрылыс қабаты XV ғ.  тән екенін, ал ең үстіңгі құрылыс қабаттары XVIII ғғ.  деңгейін көрсетті. Алайда, «Уранга, Урангай» деген атаулармен XIX ғ. орыс деректерінде кездесетін қаланың XVIII ғ. өмірінің тоқтап қалуы мүмкін емес. Ескерткішті алғаш рет 1999 жылы Түркістан археологиялық экспедициясы (М.Қ.Тұяқбаев) зерттеп, жасын анықтау мақсатымен цитаделдің солтүстік-батыс бетінен ұзындығы-6м, ені-1,5метрлік стратиграфиялық қазба салынған.

Алдыңғы ақпарат

ЮНЕСКО сарапшылары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне байланысты жиын өткізді

Келесі ақпарат

Ясауи бабалары мен ұрпақтары